Кәсіпкерлер үшін банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алуға шектеулер енгізілді

3 Наурыз 2021, 14:25
2182
Бөлісу:
Кәсіпкерлер үшін банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алуға шектеулер енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік субъектілерінің банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алуына шектеу енгізілді.

Аталған шектеу 2020 жылғы 1 маусымнан бастап қолданыста болғанын және тек заңды тұлғаларға ғана қолданылғанын атап өткен жөн, ал осы жылдың басынан бастап шектеу дара кәсіпкерлерге де қолданылады,  - деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 150 бірлескен қаулысымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №95 бұйрығымен кәсіпкерлік субъектілерінің күнтізбелік ай ішінде банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу сомасының мынадай шекті мөлшері бекітілді:

1)    20 000 000 (жиырма миллион) теңге – шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін;

2)    120 000 000 (бір жүз жиырма миллион) теңге – орта кәсіпкерлік субъектілері үшін;

3)    150 000 000 (бір жүз елу миллион) теңге – ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін.  

Бұл ретте банк шоттарынан қолма-қол ақша алу жөніндегі көрсетілген талап мынадай кәсіпкерлік субъектілеріне:

1)    микро кәсіпкерлік субъектілеріне;

2)    ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімін, акваөсіру (балық аулау) өнімін сатып алуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне;

3)    бірлескен қаулы мен бұйрыққа қосымшаға сәйкес экономикалық қызмет түрлері бар тамақ өнімдерімен, сусындармен, сондай-ақ фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарлармен бөлшек сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне;

4) Екінші деңгейдегі банктер және Ұлттық почта операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шоттардан қолма-қол ақша алған кезде және қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына берген лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №151 және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы №125 бірлескен қаулыларымен және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 1223 бұйрығымен Кәсіпкерлік субъектілерінің банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу қағидалары бекітілді.

Көрсетілген Қағидаларда қолма-қол ақшаны алудың белгіленген шекті мөлшерінен асқан жағдайда, кәсіпкерге банкке ұсынуы қажет құжаттардың негізгі тізбесі бекітілген. Кәсіпкер банкке мыналарды ұсынуы керек:

-   қолма-қол ақшаны алу мақсатын растайтын құжат;

-   мемлекеттік кірістер органдарына мәліметтер мен құжаттарды жіберуге келісімі.

Банк 1 жұмыс күні ішінде МКК-не банктік шоттан қолма-қол ақша алуға өтінім жібереді.

МКК өтінімді 3 жұмыс күні ішінде қарастырады. Осыдан кейін банкке қолма-қол ақшаны беруден бас тарту үшін негіздеменің бар немесе жоқ екендігі туралы мәліметтерді жібереді.

Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануды ескере отырып, мемлекеттік кірістер органы мынадай шешімдердің бірін шығарады:

тәуекелдің төмен дәрежесі бойынша – қолма-қол ақша беруден бас тарту үшін негіздердің жоқтығы туралы;

жоғары тәуекел дәрежесі бойынша – қолма-қол ақша беруден бас тарту үшін негіздердің болуы туралы.

Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу сомасының шекті мөлшерінен асатын сомада қолма-қол ақша беруден бас тарту үшін негіздердің болуы не болмауы туралы мәліметтер күнтізбелік бір ай ішінде жарамды,- деп толықтырды Мемлекеттік кірістер комитетінде.

 


Өзгелердің жаңалығы