Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғимараттар мен қызметтерге кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасамаған кәсіпкерлер мен мекеме басшыларына ірі көлемде айыппұл салынады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Мемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Шағын бизнес субъектілері үшін айыппұл көлемі – 120 АЕК (519 000), орта бизнес үшін – 200 АЕК (865 000), ал ірі бизнес субъектілері үшін 400 АЕК-ке (1 739 000) дейін жетеді, – деді Мұрат Мұратбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол бұл сомалардың айтарлықтай жоғары екенін атап өтіп, кәсіпкерлердің қаржыны айыппұл төлеуге емес, нысандарды бейімдеуге жұмсағаны дұрыс екенін айтты.
Кәсіпкерлер айыппұл төлегеннен кейін де заң талаптарын орындауға міндетті. Сондықтан бұл қаражатты бірден нысанды бейімдеуге жұмсаған әлдеқайда тиімді, – деді департамент басшысы.
Мұратбековтің сөзінше, талаптарды қайталап бұзу анықталған жағдайда айыппұл көлемі тағы да ұлғаяды. Мұндай жағдайда лауазымды тұлғаларға 80 АЕК, шағын бизнес субъектілеріне 150 АЕК (648 750), орта бизнеске 250 АЕК (1 081 250) және ірі бизнеске 600 АЕК (2 595 000) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Оның айтуынша, өткен жылы жүргізілген тексерулер барысында ірі бизнес субъектілеріне жататын кейбір банктерге де әкімшілік шаралар қолданылған.
Өткен жылы бірқатар банкке қатысты әкімшілік айыппұлдар салынды. Сондықтан бұл мәселе барлық ұйымдар мен бизнес өкілдерінің назарында болуы керек. Әрбір нысан мүгедектігі бар азаматтардың қажеттілігіне сай бейімделуі қажет, – деді ол.
Оның айтуынша, талаптарды орындамаған нысандарға қатысты Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес қосымша шара қолданылады.