Қашықтан оқыту, кезекші сыныптар: Пандемия жағдайындағы бір жыл

16 Наурыз 2021, 13:10
4056
Бөлісу:
Қашықтан оқыту, кезекші сыныптар: Пандемия жағдайындағы бір жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемді COVID-19 індетінің жайлағанына бір жылдай уақыт өтті. Осынау жылдың ішінде індет елдің экономикасына ғана емес, сондай-ақ медицина, білім, өнер, спорт салаларына да әсерін тигізді. Әлем бір жыл бойы қалыптан тыс жағдайда өмірін сүруін жалғастырып келеді. Эпидахуалға орай, елдегі білім беру мекемелері 100% дәстүрлі форматқа оралған жоқ. Енді бір жыл бойы білім саласында қандай өзгеріс болды? Оқушылар мен студенттер қалай білім алды? Өзгерістерге шолу жасап көрейік. 

Былтыр 12 наурызда ОКҚ-де өткен брифинг кезінде премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирусқа байланысты елде шектеу шаралары енгізілгенін мәлімдеді.

Білім алушылар каникулға ерте кетті 

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2020 жылдың 16 наурызынан бастап мектеп оқушылары 5 сәуірге дейін каникулға шықты. 

2020 жылғы 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін балалар көктемгі демалыста болады. Осы уақыт аралығында мектеп мұғалімдері қашықтан жұмыс істейді. Әріптестерімізге әдістемелік және сабаққа дайындық жұмыстарын үйде отырып орындауға болады. Ал мектеп директорлары педагогтердің қашықтан жұмыс істеуі және каникул кезінде атқарылатын жұмыс көлеміне сай айлықты толық төлеу туралы актілерді қабылдайды. Каникул аяқталған соң, қажет болған жағдайда, оқушыларды қашықтан оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде, - деген болатын министр Асхат Аймағамбетов. 
Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істеді. Балабақшаға балаларды апару немесе апармау мәселесі ата-аналарының қалауы байланысты болды. Балабақшаға келмеген баланы шығармау туралы шешім қабылданды. 

2020 жылы 16 наурыздан бастап колледждер мен ЖОО студенттері қашықтықтан оқытуға ауысты. Қалалар локдаунға жабылғанша үйлеріне, ауылдарына кетіп үлгермеген студенттерге жатақханада тұруға рұқсат етілді. Дегенмен оларға өз бөлмелерінен шығуға тыйым салынды.

Қашықтан оқыту: Қандай платформа пайдаланылды?

 Қашықтан оқыту, кезекші сыныптар: Пандемия жағдайындағы бір жыл

Оқу процесін ұйымдастыру үшін педагогтер мен студенттерге электрондық платформаларға кіруге жағдай жасалды. Оқыту құралы ретінде видео-сабақтар, дербес онлайн-жұмыс, онлайн-курстар пайдаланылды.

-        «Bilimland»

-        «Google Classroom»

-        «MOODLE»

-        «Univer»

-        «Platonus»

-        «Canvas»

-        «Daryn.online»

-        Kundelik

-        «ZOOM» оқыту барысында сервисті тегін пайдалануға жағдай жасады.

Сонымен қатар «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы сабақтар көрсетіледі. Жоспарға сәйкес, күніне 9 сағатқа дейін сабақтар көрсетіледі. Сабақ кестесін министрліктің телеграмдағы каналынан күнделікті қарауға болады.

Қашықтан оқыту: 2020 жыл, ІV тоқсан

Қашықтан оқыту, кезекші сыныптар: Пандемия жағдайындағы бір жыл

Әлемге індет айтпай келгенін білесіз. Сол себепті қай сала болмасын қашықтан жұмыс істеуге толығымен дайын болмады. Қазақстандық оқушылар 2020 жылдың ІV тоқсанын да қашықтан оқыды.

Қашықтан оқуға алғашқыда үйренісу оңайға соқпады. Түрлі факторлар әсер етті. Интернет желісімен, техника жетіспеушілігі іспетті мәселелер болды.

Дегенмен қашықтан оқытудың алғашқы күндерінде әлеуметтік желілерде оқушылардың түрлі қызықты видеолары да пайда бола бастады. Онда оқушылардың бірі телефон арқылы оқуға ашуланып, наразылықтарын көрсетіп жатса, екінші бірі мұғаліміне мақтау сөздерін айтып, елді күлкіге қарық қылды.

Бұл тоқсан біз үшін ерекше. Өйткені қашықтан оқыту форматы бойынша біз жұмысты бастап отырмыз. Қысқа мерзім ішінде дайындық жұмыстарын жүргіздік. Білім саласы үшін бұл үлкен емтихан. Одан басқа ол үлкен мүмкіндік деп айтқым келеді. Осындай сынақтан кейін білім саласы өзгеретіні айдан анық. Мұғалімдер болсын, оқушылар болсын, осы қысқа мерзім ішінде қашықтан оқыту форматына үйренді деп ойлаймын, - деп айтқан болатын білім министрі қашықтан оқытудың алғашқы күні жайында. 

5 сәуірде Қазақстанда 3,2 млн оқушы оқуды қашықтан бастады. Алғашқы күннің өзінде Kundelik платформасына 2,2 млн оқушы кірген. Барлығы 32 млн сессия жасалған.

Екі аптаның ішінде теледидар арқылы оқушыларға 700-ден астам бейне сабақ көрсетілді.

Одан бөлек Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай мен оқушылардың қашықтан оқыту түріне ауысуына байланысты Білім және ғылым министрлігі 9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтихандарын, ал 11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдады. 

«Әр бала мектепке лайықты» жобасының бас менеджері Жазира Ескендірова төтенше жағдай кезінде қашықтан білім алып жатқан балалардың ішінде денсаулығында ақауы бар балаларға ерекше көңіл бөлінгендігі туралы айтты. 

11-сынып түлектеріне аттестат 3-4 маусымда тапсырылып, бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. 

Алайда карантинге байланысты мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынды. Ал 25 мамырда соңғы қоңырау қашықтан соғылды.

Былтыр түлектер ҰБТ-ны қалай тапсырды?

 Қашықтан оқыту, кезекші сыныптар: Пандемия жағдайындағы бір жыл

2020 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштер 10 мамырға дейін ent2020.testcenter.kz сайтында онлайн қабылданды. Ал ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізілді. Осы уақыт аралығында барлық карантин талабы сақтала отырып, ҰБТ ұйымдастырылды. Атап айтқанда: медициналық қызметкерлердің кезекшілігі ұйымдастырылып, тестіленушілер аудиторияларға әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызылды, қатаң маскалық режим, дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді.

Былтыр ҰБТ-ға түлектердің 82%-ы қатысты. Олардың қатарында ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген азаматтардың саны 131 471 адамды құрайды, оның ішінде  111 017 - былтырғы оқу жылының мектеп түлегі, 20 454 - колледж және өткен оқу жылдарының мектеп түлегі. 

1 қыркүйек. Жаңа оқу жылы

Қашықтан оқыту, кезекші сыныптар: Пандемия жағдайындағы бір жыл

Жаңа оқу жылы да COVID-19 індеті жағдайымен жалғасты. Жаз бойы ел Үкіметі мен мұғалімдер жаңа оқу жылына дайындалды. Үкімет оқушылар мен ұстаздарға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Мұғалімдер қашықтан оқытудың қыр-сырымен танысу үшін түрлі курстардан өтті.

Жаңа оқу жылында дәстүрлі алғашқы қоңырау болған жоқ.

Білім министрлігінің тамыз айының соңындағы мәліметіне сәйкес, балалардың 80% қашықтан оқыды. Бұл 2,6 млн оқушы және 530 мың бала, яғни 15%-ы «кезекші сыныптарға» барды, 202 мың, яғни 5% бала дәстүрлі форматта оқиды.

Жаңа оқу жылында еліміздің мектептерінде 1-4-сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылды. Бұл сыныптарға тек ата-аналарының өтініші бойынша бір сыныпта 15 баладан асырмай қабылдады. Кезекші сыныбы бар мектептерде карантин талаптары қатаң сақталды. Сабақ ұзақтығы 40 минут, әр сынып үшін сабақтың балуы мен үзіліс уақыты әр түрлі болды. Балалар сыныптарынан ешқайда шықпады. Кезекші сыныптарға мұғалімдер де ерекше талаптарға сәйкес қабылданды.

Ал колледж студенттері жаңа оқу жылын қашықтан бастады.

Елімізден шамаман 100-ден аса университет жұмыс істейді. Осы ЖОО-лардың 1-курс студенттері де оқуды қашықтан бастады, ал 2-4-курс студенттері кейбір пәнін аралас форматта оқыды. Зертханалық, практикалық және студиялық сабақтар кампус аумағында қазан айынан кейін басталды. 

Магистранттарды оқыту 14 қыркүйекте қашықтан басталды.

Аралас форматтағы оқыту

 Қашықтан оқыту, кезекші сыныптар: Пандемия жағдайындағы бір жыл

Елдегі эпидахуал біртіндеп реттеле бастағандықтан, білім ордалары да оқушылар, студенттер үшін кезең-кезеңімен ашыла бастады. 

Қазақстанда 120 ЖОО жұмыс істейді. Білім алушылардың контингенті 619 861 адамды құрайды. 2020 жылдың қыркүйек айында COVID-19 індетіне байланысты ЖОО оқыту қашықтан және аралас форматта басталды. Бұл үшін ЖОО қажетті цифрлық инфрақұрылыммен жабдықталуы бойынша тиісті жұмыс жүргізді. Осы жылдың 18 қаңтары мен 15 ақпаны аралығында көктемгі семестр басталады, - деген болатын білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

Сондай-ақ республика аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың шешімі бойынша І курс студенттеріне оқыту аралас форматта ұйымдастырылды. Яғни дәрістер онлайн форматта, ал семинарлар, практикалық-зертханалық сабақтар күндізгі форматта өтіп жатыр.

Одан бөлек 1 наурыздан бастап еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес кезекші сыныпта оқып келе жатқан 1-5 сыныптар мен халықаралық мектептердің 1-7 сыныптарына аралас форматқа көшірілді. 

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ОКҚ-дегі брифингте айтқандай, қазіргі күні оқушылардың 47%-ы штаттық режимде және 53%-ы қашықтан оқыту форматында білім алып жатыр.

Кеше білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында мектептер кезең-кезеңімен дәстүрлі форматқа ауысып жатқанын айтты.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі күні мектептер бірте-бірте ашылып жатыр. Дегенмен ең қиын міндет - мектептерді жауып, осындай қашықтан оқытуға көшіру емес, ол керісінше енді қашықтан оқыту форматынан дәстүрлі форматқа көшіру, - деді министр алқа отырысында.

Өзгелердің жаңалығы