Қарағандыда бас бостандығынан айырылған жандардың сурет көрмесі өтті

13 Маусым 2019, 11:24
2838
Бөлісу:
Қарағандыда бас бостандығынан айырылған жандардың сурет көрмесі өтті
PHOTO

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының облыстық бейнелеу өнері мұражайында аймақтағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдардың қолөнер бұйымдары мен қыл қалам туындылары көрмеге қойылып, байқау ұйымдастырылды.

Қарағанды қаласының құрылғанына 85 жыл толу құрметіне арналған «Үміт» көрмесіне бас бостандығынан айырылған азаматтардың 45 cуреті мен 27 қолөнер бұйымы қойылған. Суреттерден жазасын өтеушілердің өмір жайлы ой-толғамдарын, қоршаған ортаға деген көзқарастарын байқап, қылмыс жасаған адамның ішкі жан-дүниесіне өнердің тигізетін әсерінің қандай болатындығын көруге болады.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл шаралар сотталғандар бойында қоршаған ортаға деген қайырымдылықты қалыптастырып, эстетикалық талғамдарын дамытуға оң ықпал етеді.

Қарағандыда бас бостандығынан айырылған жандардың сурет көрмесі өтті

«Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «Үміт» суреттер мен қолөнер бұйымдарының облыстық байқау-конкурсын жыл сайын өткізеді. Байқау алдымен өңірдегі барлық түзету мекемелерінде өткізіліп, одан үздік шыққан суреттер мен қолөнер бұйымдары облыстық байқау-конкурсына ұсынылды. Биылғы облыстық байқауға барлығы 45 сурет пен 27 қолөнер бұйымы ұсынылып, көрмеден орын тапты», - дейді мұражайдың ғылыми қызметкерлі Назерке Жартын.

Көрмеге қойылған туындылардың авторлары темір тордың ар жағындағы өмірді ғана емес, қазіргі сәтте олардан алыс қалған табиғат сұлулығын, отбасылық өмірдің қызығын, жылылық пен арман-мүдделерін бейнелеген.

Қарағандыда бас бостандығынан айырылған жандардың сурет көрмесі өтті

«Сотталғандардың көпшілігі еңбекке тартылады. Осылайша олар қандай да бір көлемде ақша тауып, борыштарын өтеп не болмаса туғандарына көмектесуге мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, олар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін байқау-көрмеге қатыса алады. Байқау-көрменің мақсаты – жазасын өтеушілердің талантын сурет салуда, қолөнер бұйымдарын жасауда көру. Мұндай шараға қатысу сотталушылардың тәртіптік анықтамасына да оң септігін тигізеді. Биылғы байқау-көрме Қарағанды қаласының 85 жылдығына орай ұйымдастырылды, көрмеге жазасын өтеушілердің үздік туындыларын қойып отырмыз. Біздің департамент бас бостандығынан айырылған азаматтардың шығармашылық жұмыспен айналысуларына жағдай жасап, материалдық тұрғыда көмек көрсетеді», - дейді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті тәрбие бөлімінің басшысы Еркебұлан Мейрамбеков.

Байқау-көрмеге қойылған үздік суреттер мен қолөнер бұйымдарынығ авторлары дипломдармен, грамоталармен және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы