Қандастарды мазалайтын мәселе қандай?

27 Қазан 2020, 17:50
3828
Бөлісу:
Қандастарды мазалайтын мәселе қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Отандастар қоры» жанындағы қоғамдық комиссиясы отырысында қандастарды мазалайтын мәселелерді айтты. 

Елордада «Көктал» деген аудан бар. Ол жерден қандастарға жер берілді. Ол жерге бауырларымыз мемлекеттің қолдауынсыз үй салды. Оны өз көзіммен барып көрдім. Өте сәулетті үйлер. Кірпіштен әсемдеп салған. Бірақ тағы да жергілікті әкімшіліктердің салғырттығынан үй салынған жерлер «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігіне беріліп, жекеменшікке рәсімдеуге келмей отыр. Себебі заңға қайшы. Бұл - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жұмысы. Оның шешімін тапқан сияқтымыз. Үшжақты келісім жасау арқылы жүзеге асыру керек, - деді ол. 

Бақтиярұлы атап өткендей, 150-200 шаршы метрге дейін үй салғандар бар. 

Үйді кепілдікке қойып несие алайын десе де, қоя алмайды. Айналымға сатайын десе де, қолдары байлаулы. Себебі үй олардікі болғанымен, жер олардікі емес. Оны шешуіміз керек. 200-ге жуық сондай үй бар. Онда 4 отбасыдан тұрғанның өзінде 2 мың халық «Отандастар қорына», Үкіметке және Парламентке үміт артып отыр. Біздің мақсатымыз оларға жәрдемдесу және проблемалардың шешілуіне атсалысу, - деді ол. 

Бақтиярұлы атап өткендей, солтүстік пен шығыста көп жер бос жатыр. 

Мемлекеттік бағдарламалар бар. Оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы бар. Келем деген қандастарымызға заң аясында кейбір бапқа өзгерістер енгізіп, жерді қандастарға неге бермеске? Осылайша, оңтүстік пен шығыстағы шекаралық аудандарды нығайтатын едік. Қандастарымызды сол жерге көшіріп, жағдайын жасасақ, олар кәсіптерін жандандыратын еді. Бірақ бұл мәселе де осы кезеңге дейін шешімін таппай келеді. Қоғамдық кеңес шешім қабылдамайды. Ол Үкімет пен тиісті құзырлы органдарға ұсыныс айтатын комиссия, - деді ол.
Бұған дейін Мұрат Бақтиярұлы қандастарға арналған үйді сынға алып, ондай үйге малды да қамамайтынын айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы