Ондай үйге малды да қамамайды. Депутат қандастарға арналған үйді сынады

27 Қазан 2020, 16:53
2522
Бөлісу:
Ондай үйге малды да қамамайды. Депутат қандастарға арналған үйді сынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Отандастар қоры» жанындағы қоғамдық комиссия отырысында айтты. 

Қандастар елге көшіп келгенде олардың жағдайын жасауымыз керек. Осы кезге дейін 1 млн-нан астам шетелдік қандасымыз елге көшіп келді. Олардың көбі барлық салада қызмет істеп жатыр. Бірақ соңғы жылдары көшіп келген азаматтарымыздың жағдайы қалай? Көкшетау маңындағы Красный Ярда  «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында қандастарға үй салынды. Былтыр бір топ депутатпен үйдің сапасын барып көрдік, - деді ол. 

Депутаттың айтуынша, үйдің сапасы сын көтермейді. 

Қазақ «ит байласа, тұрғысыз» дейді. Өте сапасыз салынған. Көкшетау өңірі суық. Оған қарамастан, үйлер кірпіштен емес, гипсокартоннан салған. Іргетас деген ұғым жоқ. Төбесі мен едені де жұқа. Осы мәселені депутаттық сауал арқылы бір топ депутат көтердік. Үкімет басшысына да бардым. Ол үйлерге қатысты мәселе әлі де қозғалмай отыр, - деді Бақтиярұлы.

Ал Ақмола облысы әкімінің орынбасары аталған аймақта салынған 137 үйдің 35-не күрделі,102 үйге орташа жөндеу жүргізілгенін айтты. Алайда үйлерге техникалық тексеріс жүргізілмеген.

Депутат атағандай, қандастар қыс айында ол үйлерде тұрмайтынын айтады.

Қыс айында қандастар туысқандарын жағалап кететінін айтады. Енді сіз айтасыз, "айына 6 мың теңге ғана төлеуі керек" дейсіз. Ана үйге төлеу үшін жағдайы болуы керек. Ондай үйде мен тұрсам, бір тиын да төлемейтін едім. 6-7 ай қыс болғанда олар тұрмаса, қалай төлемек? Кешірім сұраймын, біздің оңтүстік жақта ондай үйге мал қамамайды. Оңтүстікте малды жылы жерге қамайды. Енді олар адамдар ғой, елге келіп жатқан біздің қандастарымыз, бауырларымыз ғой, - деді ол.

Бақтиярұлы атап өткендей, бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар.

«Қандастарымыз бізге жер берсін, өзіміз салып аламыз» деп отыр. Бұл шешілетін дүние ғой. Адами тұрғыдан келгенде, ондай үйлерде тұру мүмкін емес, - деді ол.
Бұған дейін ол қандастардың мұң-мұқтажына бейжай қарамауымыз керек екенін айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы