Канада АҚШ және Мексикамен жасалған USMCA (АҚШ–Мексика–Канада келісімі) деп аталатын Солтүстік Американың еркін сауда келісімін ұзартуды ресми түрде сұрады.
ВВС-дің хабарлауынша, Канаданың халықаралық сауда министрі Доминик Леблан Вашингтонға келісімді тағы 16 жылға ұзарту туралы ресми хабарлама жолдағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, келісім үш мемлекет үшін де тиімді болып отыр және өңірдегі экономикалық тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.
Бұл мәселе Лебланның АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грирмен кездесуінде талқыланды. Алайда АҚШ пен Канада арасындағы келіссөздер Мексикамен салыстырғанда баяу жүріп жатыр. Бұған тараптардың салалық тарифтер мен автомобиль өндірісіне қатысты ұстанымдарының әртүрлі болуы себеп.
Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ енгізген болат, алюминий, автокөлік және ағаш өнімдеріне қатысты тарифтерді алып тастауды немесе азайтуды қолдайтынын айтты. Ал АҚШ тарапы кейбір тарифтердің сақталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Сонымен қатар Вашингтон Канада нарығына америкалық компаниялардың, әсіресе сүт өнімдерін өндірушілердің қолжетімділігін кеңейтуді талап етіп отыр. АҚШ сондай-ақ Солтүстік Америкада шығарылатын көліктердегі америкалық құрам үлесін арттыру мәселесін көтеруде.
Егер үш мемлекет 1 шілдеге дейін келісімді ұзарту туралы ортақ шешімге келсе, USMCA тағы 16 жылға күшінде қалады. Келісім ұзартылмаған жағдайда оның болашағы жыл сайын қайта қаралатын болады.