Қамшыбек Қоңқабаев: Олимпиада алдында жарақат алып қалмау маңызды

15 Желтоқсан 2020, 23:23
1643
Бөлісу:
Қамшыбек Қоңқабаев: Олимпиада алдында жарақат алып қалмау маңызды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында кезекті рет ел чемпионы атанған аса ауыр салмақтағы боксшы Қамшыбек Қоңқабаев  енді 18 желтоқсанда кәсіпқой рингтегі екінші кездесуін өткізеді.

Айта кетейік, 18 желтоқсанда  МТК Қазақстан менеджерлік компанияның ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне арналған кәсіпқой бокс кеші өтеді. Әуесқой бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой мансабындағы екінші жекпе-жегін украиналық Сергей Радченкомен өткізеді. Қазіргі таңда боксшы алдағы жекпе-жекке дайындық үстінде.

Ел чемпионаты сәтті өтті. Ұлттық құраманың өз салмағымдағы үздігі екенімді тағы бір мәрте дәлелдей алдық. Бокс мамандары мен бапкерлерімнің және жанкүйерлерімнің сенімін ақтағанына қуаныштымын. Кәсіпқой бокстағы дебютім тамыз айында болған. Енді 18 желтоқсанда екінші рет шаршы алаңға шығамын. Қазіргі кезде дайындыққа бар күшімізді салып жатырмыз. Бұл жолы сегіз раундтық жекпе-жек өткізу жоспарланғанз Бұған дейін спорттық карьерамда мұндай ұзақ жекпе-жек болған емес.Сондықтан физикалық тұрғыдан дайын болу маңызды. Әсіресе, функционалды дайындыққа көп көңіл бөлеміз. Осы тұст Қанат Алтаев пен Сейітжан Төкенов секілді жаттықтырушыларыма алғысымды білдіремін. Екі маманның үйреткен тәсілдері мен ақыл-кеңесі чемпионатқа тыңғылықты дайындалуға көмектесті. Енді біз келесі жекпе-жекке ден қойып жатырмыз,- дейді Қамшыбек Қоңқабаев.

- Алда олимипиада жылы келе жатыр, Токиода өтетін 4 жылдықтың басты додасы туралы не айтасың?

Қазір тек 18 желтоқсанда өтетін жекпе-жек туралы ғана ойлаймын. Ішкі біріншіліктен кейін біз ұлттық құраманың жаттықтырушыларымен олимпиадалық турнирге командамызбен дайындық жоспарын талқыладық. Менің дайындық циклым Токио Олимпиадасы және кәсіби рингте ойдағыдай өнер көрсетуге бағытталған. Бұл мәселеде командам бәрін мұқият қадағалап отыр. Екі жақта да өнер көрсетудің үйлесімін біледі. Олимпиада уақыты жақындағанда оқу– жаттығу жиындары басталады. Сол кезде төрт жылдықтың басты додасының дайындығына толықтай кірісеміз. Сонымен қатар, Олимпиадаға дейінгі жарыстар алдында да ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары  өтеді. Алдағы уақытта күнтізбе бос болмайтыны анық. Қазіргі менің басты міндетім - денсаулығымды сақтап, Олимпиада алдында жарақат алып қалмау. Одан бөлек кәсіпқой бокста,  менеджерлер мен жанкүйерлердің үмітін сенімді түрде ақтауым керек. Келісімшарт жасасқан менеджерлік компанияға  өзімнің ерекше ризашылығымды білдіремін.Босаңдық танытуға болмайды. Алда бізді көптеген қызықты жарыстар күтіп тұр. Әзірге Украина бокс державасының өкілі, Радченконың осал тұсын табу. Осы  кездесуден  кейін аздаған үзіліс жасап, алдағы жоспарларға жүйелі  түрде кірісеміз,- дейді боксшы.
Өзгелердің жаңалығы