Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

20 Ақпан 2019, 14:17
11824
Бөлісу:
Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс
PHOTO

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Армрестлинг спортының аңызына айналған америкалық Эндрю «Кобра» Родс шардаралық армрестлер Шынболат Райхановпен қол күресте екі қабырғасын сындырып алған. «Кобра» лақап атымен танымал Эндрю Родс өзін әлем чемпионатынан шеттеткен сол бір оқиға туралы Қазақстанға келген сапарында айтып берді. 17-18 ақпан күндері Шымкенттегі Жеңіл атлетика кешенінде Владимир Залманович Дрекслердің 80 жасқа толуына арналған қол күрестен Қазақстан Республикасы Чемпионаты өтті. «Кобра» Родс осы чемпионатқа құрметті қонақ ретінде шақырылыпты. Чемпионат басталардан бұрын баспасөз-конференциясы болды.


Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

Екі қабырғасы сынды

Шынболат пен «Кобра» Родс арасындағы қол күрес 2010 жылы АҚШ-та болған. Сол жылы Лас-Вегаста армрестлингтен әлем чемпионаты өтеді. Чемпионатқа Қазақстан армрестлинг құрамасының сапында шардаралық Шынболат Райханов та барады. «Ә» дегеннен ең мықты қарсыласқа тап келеді. Тоғыз дүркін әлем чемпионы Эндрю «Кобра» Родс. Жеңіл салмақтағы жеңілмейтін армрестлер. Бүгінгі мен бұрнағы ұрпақтың армрестлинг әлемінен хабары барына мәлім есім. Оның даңқын Шынболат та естіген екен. Талай мықтының білегін бұраған «Кобра» Родстың Лас Вегас чемпионатындағы бірінші қарсыласы 18 жасар көпке белгісіз қазақстандық екені мәлім болғанымен, осы кездесу «Кобра» Родстың соңғы әлем чемпионатына айналатыны ешкімнің де ойына келмеген-сірә.


- Иә, Лас-Вегастағы әлем чемпионаты болатын. Бірінші күні Шынболатпен қол күрестім. Өте қызық күрес жасадық. Бір бірімізге өте жақсы қарсыластық. Денемді үстелге жақындатып, тіреп тұрып, күш алып, жеңбек болдым. Бірақ, үстел маған «жоқ» деп айтты. Үстелге тіреліп барып күш алмақ сәтімде екі қабырғам сынып кетіпті. Бұл бірінші күнгі жарыс болатын. Қабырғамды сындырып алғаннан кейін, дәрігерлер келіп, жарақатымды қарап «жарысты тоқтат» деп айтты. Мен жарақат тұсымнан айналдыра орап беруін сұрадым дағыны әрмен қарай жарысты жалғастырдым. Басқа бірнеше қарсыласымды жеңдім. Сонымен жарыс бітті. Армрестлинг те қауіпті спорт,-деп еске алды «Кобра» Родс.

Айтуынша, қай спорттың да қауіп-қатері қатар жүреді. «Күтпеген жағдай болуы мүмкін. Спорт – сонысымен спорт. Егер адам спорттың сол ауырлығын серігіне айналдырса, онда қорқатын дәнеме де жоқ» деген

«Кобра» Родстың әңгімесін әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Шынболат Райханов жалғады. 

«Бар ойым – жеңу болды»

- 18 жаста едім. Көп нәрседен хабарсызбын. Бірінші рет қатысып жатқан әлем чемпионатым. Бірінші қарсыласым «Кобра» Родс екенін естідім. Оның әлемдегі ең атақты спортшы екенін де білемін. Бірақ, бар ойым жеңу болды. Екеуміз шыққанда «күллі қазақ елі атынан келдім, қандай жағдай болмасын жеңем» деген ой еш кетпеді. «Кобра» Родстың қаншалықты атақты екенін білсем де басты мақсат - елдің абыройы, халықтың намысы үшін жеңу еді. Жеңдім. Сол жарыста Эндрюдан кешірім сұрадым. Өйткені, жарақатынан отырып қалды. Дәрігерлер келді. Қазір де кешірім сұраймын. Мұндай мықты кісіні «пенсияға» жіберу қиын,-деді Шынболат.

Шынболат сол чемпионатта Қазақстанның жастар құрамасынан шыққан. 18 жаста. Ал Эндрю «Кобра» Родс 46 жаста болыпты. Шынболаттың енді-енді көтеріліп келе жатқан кезі. «Кобра» Родс 46 жасына дейін ешкімнен жеңілмеген. Шынболатқа кезіккенше...

- Онымен кездескенде жеңіске деген ұмтылысын, ерік-жігерін сездім. Көзінен көрдім. Бүгінгі Қазақстан чемпионатына қатысып жатқан әрбір армрестлерден сол кезде Шынболаттан мен көрген жеңіске деген ұмтылыстың жартысы табылса, онда бәрі де жақсы болады. Ең бастысы – жеңіске ұмтыла білу,-деді «Кобра» Родс.

Айтпақшы, Эндрюге «Кобра» лақап аты оның ылдам-жылдам қимылына байланысты берілген.

– 15 жасымда «Кобра» деген лақап ат алдым. Өйткені, менің қолымның орналасуы кобра жыланның басына ұқсайтын. Өте жылдам қозғаламын. Сол кезде маған осындай лақап атты берді. Мен қол күресте қарсыласымнан басым түсуді ғана ойлаймын, - дейді Эндрю Родс. Ол бүгінде АҚШ армрестлинг федерациясына басшылық етеді.

Youtube видеохостингінде қабырға сынған кездесудің қысқа-қысқа үзінділері сақталған екен. Арасында Эндрю «Кобра» Родстың оң жақ қабырға тұсын ұстап, ауырсына отырып қалатын сәттері бар.

Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

Қазақстандық чемпионатқа PAL президенті келді

Биылғы қол күресткен ҚР чемпионаты Владимир Залманович Дрекслердің 80 жасқа толуына арналды. Жарысты Түркістан облысының Гір спорты және Армрестлинг федерациясы мен Шардара Армспорт спорт клубы ұйымдастырды. Қазақстан деңгейіндегі чемпионат болғанымен PAL президенті Игорь Мазуренко АҚШ-тан арнайы келді.

Мұндағы PAL дегеніміз – Professional Armwrestling League, яғни Кәсіби Армрестлинг Лигасы. Дүниенің түкпір-түкпірінде ұйымдастырушысына да армрестлерге де ақша әкелетін турнирлерді өткізетін Лига осы. Игорь Мазуренконың Қазақстанда өтіп жатқан республикалық чемпионатқа келуінің екі себебі бар.

Біріншісі, Владимир Залманович Дрекслерді тануы және оған деген құрметі. Владимир Дрекслер – Қазақстандағы армспорт дамуының басында тұрған азаматтың бірі. Сонау 90 жылдардың басында Қазақстан Армрестлингінің ардагері Мухаммедолла Агзамовпен бірлесіп, ел чемпионатын ұйымдастырып, шетте өтетін чемпионаттарға жастарды апарып, Қазақстандағы армспорттың негізін қалаған.

Екінші себеп – Түркістан облысының Шардара ауданындағы Шардара Армспорт клубы. Шардара Армспорт клубы әлемдегі ең мықты армрестлинг клубтарының қатарына кіреді. Жоғарыда аталған Шынболат Райханов та Шардараның және сол клубтың түлегі.

PAL президенті Игорь Мазоренконың негізгі мақсаты – осы бір мықты клубтың жұмысын көріп, дайындығын көріп, PAL қатарына өтетін армрестлер жігіттермен жақын танысу.

– Шардарадағы Армспорт клубы – әлемдегі армрестлинг спортшыларын ең көп шығаратын клубтың бірі. Мұнда келуім бекер емес. Келешекте ТОП 8 турниріне Қазақстанның тағы бір өкілін көретінімізге сенім мол. Қазақ армрестлинг мектебі ТОП 8 қатарына кіретін мықтыларды шығаратынына сенемін. ТОП-8 дікке Қыдырғали Оңғарбаевты да кіргізу ойымыз бар, - деді Игорь Мазуренко.

Бұл туралы Қазақстан Армрестлингінің ардагері Мухаммедолла Агзамов та «Қазақстанның армрестлинг құрамасы әлемдегі ең күшті команданың бірі болғандықтан Игорь Мазуренко «Қыдырғали Оңғарбаев сынды мықты армрестлер жігіттерді кәсіби спортқа тартқалы отыр» деді. Қыдырғали Оңғарбаев есімі қазақстандықтарға «37 кәрісті бір қолмен жеңген қазақ» видеосымен танылған.

   Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

TOP 8 турнирі дегеніміз не?

PAL анықтамасына сәйкес, TOP 8 турнирі – Кәсіби армрестлингтегі бірлескен рейтингтің жоғары дивизион турниріне жатады. 6 раундты Вендетта сериясындағы кездесулерден тұрады. Оған әлемнің ең мықты сегіз армрестлері қатысады.

– Кәсіби армрестлинг бірлескен рейтингінің жоғары дивизионы – TOP 8 дивизионына түскен армрестлер PAL-мен (Кәсіби Армрестлинг Лигасы) келісімшартқа отырады. Турнирдің бірінші және екінші кезеңінде жеңген әрбір раунд үшін TOP 8 –ге қатысты барлық шығындарының өтемақысын алады. Сондай-ақ, негізгі сыйақы 121 000 АҚШ долларының бір бөлігін иемденеді. Ең бастысы, аты әлемге танылады. TOP 8 дивизионына іліну үшін мынаны білу керек. Кәсіби армрестлинг бірлескен рейтингі барлығы үш: General, Elite, TOP 8 дивизионнан тұрады. General дивизионында жоғары рейтинг жинаған атлет Elite дивизионына өтеді. Бұл дивизионның мықтылары кәсіби армрестлер арансындағы «ZLOTY TUR CUP» турнирінде анықталады. «ZLOTY TUR CUP» жеңімпазы атанған және Elite дивизионындағы ең жоғары ұпай жинаған армрестлер ТОП 8 дивизионының 7 және 8 орындағы қатысушыларымен қол күреседі. Егер жеңсе, TOP 8 дивизионына өтеді. Жеңілсе, Elite дивизионына кетеді, - деді PAL президенті Игорь Мазуренко.

  Армрестлинг олимпиадалық спорт түріне кіре ала ма?

Армрестлинг олимпиадалық спорт түрі қатарына жатпайды. Сондықтан да бұл спортқа деген үкімет тарапынан қолдау аз. Әйткенмен, армрестлингті олимпиадалық спорт қатарына кіргізудің алғышарттары қалыптасып жатыр.

Игорь Мазуренконың айтуынша, армрестлинг олимпиадалық спорт түріне кіре алады. Бұл үшін ең алдымен континенталды деңгейге шығуы керек.

– Қазір Көшпенділер ойынында армрестлинг бар. Осылайша, бірте-бірте құрлықаралық деңгейге шығады. Алдымен құрлықтық олимпиада ойындарына кіреді. Осы мақсатта ұзақ әрі көп жұмыс жасалады. Келешекте кіріп қалуы әбден мүмкін. Мұны Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах та қолдайды,-дейді PAL басшысы.

«Қазақтар келді, енді бізге алтын жоқ»

Осы орайда Қазақстан Армрестлингінің Ардагері Мухаммедолла Агзамов елдегі армспорттың сонау 90-жылдардан бастап дамуын қысқаша баяндады.

– 90 жылдары біздегі армспорт деңгейі төмен болды. 1992 жылы алғашқы жарыс өткізгенімізде қазіргідей деңгей жоқ еді. Оған дейін КСРО заманында бір-екі армрестлинг жарысқа бардық. 1991 жылы Украинаның Днепропетровск қаласында армрестлингтен КСРО-ның екінші чемпионаты өтті. Соған бардық. Аз да болса тәжірибе жинадық. Кейін Одақ ыдыраған соң тоқырау жылдары басталды. Қаржы жетпеді. Жай шаруа адамымын. Декслер екеуміз балаларды шашыратпай, ұстап қалу үшін тапқан-таянғанымызды жарыс өткізуге, балалардың дайындығына жұмсадық. Осы үшін көлігімді де саттым, - дейді Мухаммедолла Агзамов.

Батауында тұрған азаматтардың ерік-жігерінің, жанашырлығының арқасында болса керек, қазір елдегі армспорт деңгейі өскен. Әлемнің мықты құрамалары санасатын, тіпті мойындататын амаға жеткен.

- Сіздерге айтайын, қазір Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатына келгенде сондағылар «Қазақтар келді, енді бізге алтын жоқ» деп айтады. Жігіттер әлем чемпионаттарында ешкімге дес бермей, шетінен жапырып, Көк байрағымызды желбіреткенде басқалары «Қазақстан әнұранын жаттап алатын болдық қой» деп қалжыңдайды. Құрама команда ретінде қазір әлемде ең жоғары деңгейдеміз. Ал клуб ретінде Шардара Армспорт клубы әлемдегі ең мықты клуб болып тұр. Енді бұған клуб емес, Шардара Армспорт академиясы деген атау беру керек шығар,-деді Мухаммедолла Агзамов.

Қазақстан армрестлинг құрамасы әлемдегі мықты командалар қатарында әлемдік деңгейдегі төреші, Малайзия Армрестлинг федерациясының Президенті Зиль Фадли де қостайды. Ол да Залманович Дрекслердің 80 жасқа толуына арналған қол күрестен Қазақстан Республикасы Чемпионатына арнайы келіпті.

–  Армрестилинг спортында категорияларға бөлінеді. Соңғы әлем чемпионатына қарасақ, Ресей, Қазақстан, Грузия, Болгария, Түркия мемлекеттерінің мықты екенін байқаймыз. Меніңше, Қазақстан жастар құрамасы – әлемдегі ең мықты команданың бірі, - дейді Зиль Фадли.

Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

«Қазақстан чемпиондары Малайзияға барады»

Шымкенттегі Жеңіл атлетика кешенінде екі күнге созылған Чемпионатқа еліміздің 16 облысы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан барлығы 800-ге жуық спортшы қатысты. Олардың арасында ерлер де, қыздар да түрлі салмақта күш сынасты.

Ерлер арасында 60 келіде Қыдыр Өсербай, 65 келіде Беймен Анықбай, 70 келіде Талғатбек Рүстембек, 75 келіде Нұрдаулет Айдарxан, 80 келіде Мағжан Шамиев, 100 келіде Қыдырғали Онғарбаев, 110+ салмақта Медет Құттымұратов I орын алды. Жалпыкомандалық есепте Шардара Армспорт командасы I орын алса, II орынға Жамбыл облысының құрамасына, III орынға Астана қаласының командасы шықты.

Чемпионаттың мақсаты біреу – жасөспірімдер мен жастар, ересектер арасыел құрамасына енетін спортшы жастарды анықтау. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтіп, олар Малазия қаласында өтетін Азия Чемпионатына жолдама алды.

   Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

Қабырға сынған қолкүрес. Шардаралық Шынболат vs аңыз адам «Кобра» Родс

«Қыдырғалиға лақап ат ойлап табайық»

Жеңімпаздардың арасында 100 келі салмақта қол күрескен Қыдырғали Оңғарбаев та бар. Бұған дейін армрестлингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанған ол PAL-дың TOP 8-дігіне енгелі отыр. Енді Қыдырғалиға да лақап ат керек. Бұл ұсыныс сол баспасөз-конференциясы барысында айтылды.

Қыдырғали Оңғарбаевтың сөзінше, өзіне 2015 жылы Ресейдегі үлкен жарыста көрермендер тарапынан қойылған «Темная лощадка» лақап аты ұнаған екен. Бірақ, орысша атау болғандықтан жарамапты. Бұдан бөлек «ZLOTY TUR CUP» халықаралық турнирінде екінші орын алғанында «The surprise» деген лақап ат беріпті.

Мұны естіген ардагер Мухаммедолла Агзамов: «Бірі орысша, екіншісі ағылшынша атау екен. Қане, бәріміз ел болып, Қыдырғалиға ат ойлап табайық. Қазақстанды күллі әлемге танытатын лақап ат қояйық» деп, конференцияны аяқтады.

 

 Жәнібек НҰРЫШ

фото: автор


Өзгелердің жаңалығы