Мемлекеттік органдардың бірыңғай онлайн платформасы құрылады – Дәурен Абаев

20 Ақпан 2019, 14:06
1791
Бөлісу:
Мемлекеттік органдардың бірыңғай онлайн платформасы құрылады – Дәурен Абаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында аталған платформа жыл соңына дейін құрылатынын айтты.


«Бүгінгі күні «Ашық Үкімет» порталында жарияланатын деректердің саны артты. Мысалы, 2018 жылы порталда 150 жаңа дерек пайда болды. Ендігі уақытта Астана тұрғындары портал арқылы қоғамдық көліктердің қозғалысын қадағалай алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті бақылауға да мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, бала туу туралы мемлекеттік жәрдемақыны алатындардың саны туралы ақпарат та қолжетімді. Екіншіден, азаматтарға ыңғайлы болу үшін «Ашық Үкімет» порталы әрдайым жаңартылып, әртүрлі функциялар қосылып тұрады. Мәселен, мемлекеттік органның бірінші басшысының блогына өтінішін немесе сұрағын қалдырған азамат өзіне берілген жауапты пікір қалдыру арқылы бірден бағалай алады. Яғни, мемлекеттік органдардың рейтингі олардың азаматтарға берген жауабының сапасына сай сараланып отырады», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, «Ашық Үкімет» порталының мобильді және көзі нашар көретін азаматтарға арналған қосымшалары да іске қосылды. Бүгінгі күні тұрғындар мемлекеттік органдардың сайттарына қатысты түрлі сыни пікірлер білдіріп жүр. 

«Олар «кейбір сайттарда маңызды ақпарат болмайды. Сұрақтарға жауап біркелкі беріледі және үш тілді контентке ыңғайлы деректер жоқ» дейді. Осы орайда министрлік бірыңғай платформа құруды жоспарлап отыр. Бұл азаматтар үшін ыңғайлы болуы тиіс. Яғни, мемлекеттік органдардың сайтына бір тетік арқылы кіруге мүмкіндік беріледі, маңызды ақпараттың жариялануын қамтамасыз етеді. Жыл соңына дейін біз барлық орталық мемлекеттік органдарды және жергілікті атқарушы органдарды бірыңғай платформаға жұмылдыруды жоспарлаймыз. Сонымен қатар, биыл «Ашық аймақ» жобасын жүзеге асырмақшымыз. Осылайша, өз қызметтерін ашық жүргізіп отырған әкімдер, әкімдіктер анықталады. Үздік деп танылған әкімдіктер барлық аймақтардың назарына ұсынылады. Әкімдіктермен қатар мәслихаттардың да қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл қадам мәслихаттардың «Ашық диалог» порталында өз блогтарын ашу арқылы жүзеге асады», - деді Абаев.

Бұған қоса, ведомство басшысының мәліметінше, «Электрондық үкімет» порталына 8 млн астам адам тіркелген. 2018 жылы ел тұрғындарына 30 млн астам қызмет түрі электрондық форматта көрсетілді.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы