Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы – еңбек адамының құқын қорғау

19 Шілде 2020, 16:09
15418
Бөлісу:
Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы – еңбек адамының құқын қорғау
EX
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік болсын, жекеменшік жұмыс орны болсын жұмысқа қабылданар кезде нені білуі шарт? Қандай заңға сүйеніп, өз құқын қорғай алады? Жұмыскерлер жапа шеккен жағдайда қай мекемеге баруы тиіс? Ол қандай ұйым, жұмысшыға қандай көмек береді? Бұл туралы "Түркістан облысының кәсіподақ орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов тарқатып айтып берді.

Бүгінде елімізде кәсіподақ федерациясында 2 миллионнан астам мүшесі бар. Республикадағы 18 салалық кәсіподақты құрайтын ең үлкен қоғамдық ұйым. Аталған қоғамдық институттың маңыздылығына тоқталған кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Айдарбекұлының айтуынша, ұйымның негізгі жұмысы, еңбек адамының әлеуметтік және еңбек құқын қорғау. Сонымен қатар, кәсіпорындардағы жазатайым оқиғаларды болдырмау, еңбек жалақыларына мониторинг жасау.

Біз үшжақты әлеуметтік серіктестік бойынша жұмыс істейміз. Яғни әкімшілік, екінші жұмыс беруші "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және кәсіподақ. Осы үшжақты келісімнің нәтижесінде қандай жазатайым оқиғалар орын алды, оның себебі не? Қай жерде жалақы берілмей кешіктірілді, қай жерде еңбек құқықтары бұзылды, еңбекке жарамсыз жағдайда төлем төленді ме? Осыларды комиссия отырысында талқылап, нақты нәтижелер шығарып отырамыз. Талқылап қана қоймай кәсіпорынның басшыларын тыңдау арқылы ол жердегі оқиғаның объектив пе немесе субъектив пе, себебін анықтаймыз. Осының нәтижесінде жалпы облыста жалақы қарыздарының пайыздық өлшемі төмендеді, - деді аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов.

Ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, 2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша республикада жалпы халық саны – 18 млн 671 мың 893 адам, еңбек күші немесе еңбекке жарамдысы – 9 млн 214,8 мың адам. Жұмыспен қамтылғаны – 8 млн 773 мың адам, жұмыссыздар саны – 441,4 мың адам немесе 4,8 %. Ал Түркістан облысы бойынша 2 млн 21 мың 834 тұрғын бар. Оның еңбекке жарамдысы – 821,9 мың адамды құрайды. Жұмыспен қамтылғаны – 779,8 мың, жұмыссыздар – 42,1 мың адам немесе 5,1%.

Жалпы, Түркістан облысында бастауыш 1676 кәсіподақ ұйымы бар, оған 134248 кәсіподақ мүше тіркелген. Айталық аймақта он салалық кәсіподақ бірлестігі мен филиал, 41 аудандық филиал және өкілдік бар. Олар жергілікті кәсіподақтың құрамында жұмыс істейді.

Тағы бір ерекше атап өтетін жаңалық, азаматтардың құқын қорғау мәселесі бойынша кәсіподақтың ғимаратында Татуластыру орталығы ашылған. Өткен жылы ҚР Жоғары Соты мен кәсіподақтар федерациясының арасында меморандум түзілген. Ондағы мақсат – кәсіподақтар жұмыс барысында медиация әдісін қолданып тараптардың ортақ келісімге келуін жүзеге асыру. Ол жерде қандай да бір азаматқа ол кәсіподақ мүшесі болсын, болмасын заң тұрғысынан түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар дау туындаған жағдайда медиация жолымен сотқа жеткізбей шешу мәселесі қарастырылады.

Татуластыру орталығында 2020 жылдың алты айында 183 азаматқа жәрдем көрсеттік. 121 азаматтың ішінде 107-сінің мәселесі медиация жолымен сәтті аяқталды. Тағы бір тоқтала кететін мәселе, бізге адамдар тек еңбек дауымен келмейді. Отбасылық, қылмыстық, мүлік бөлісу, мұрагерлік, жер дауы, несие мәселесімен де көптеген азаматтар келіп жатады. Бұл жерде біз тек еңбек дауын ғана қарамаймыз. Келген азаматтарға заң тұрғысынан кеңес береміз. Әрине еңбек дауы басты жұмысымыз, бірнеше еңбек дауы сотқа жеткізілмей осында шешілді. Жалпы медиацияның мақсаты – ол кінәліні анықтау емес татуластыру. Бұл өте жақсы институт. Әсіресе сотта қаралатын азаматтық даулардың пайызын түсіруде ролі зор. Бұл мәселемен салалық кәсіподақтар да айналысып жатыр. Мысал үшін денсаулық, білім, мемлекеттік қызмет, ауыл шаруашылығы, транспорт, шағын және орта бизнес. Олар да осындай дау туындаған жағдайда татуластыру шараларын қолданып, сотқа жеткізбей шешуде, - деді бірлестік төрағасы Берік Айдарбекұлы.
Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша жұмыс істеп тұрған 6939 кәсіпорын бар екен. Оның 4866-да ұжымдық шарт түзілген. Өткен жылмен салыстырғанда ұжымдық шарт саны 12-ге көбейген. 6939 кәсіпорынның 2069-ы мемлекеттік және 4870-і жекеменшік. Енді осы аталған кәсіпорындарға талдау жасап көрсек, 2069 мемлекеттік кәсіпорынның 59-ы ірі, 806-сы орта, 1204-і кіші кәсіпорын. 1981 мемлекеттік кәсіпорында ұжымдық шарт жасалған, ал дәрежелеріне қарай 59 ірі кәсіпорынның 55-де, 806 орта кәсіпорынның 777-де, 1204 кіші кәсіпорынның 1149-де ұжымдық шарт жасалған.

Ал 4870 жекеменшік кәсіпорынның 47-і ірі, 110-ы орта, 4713-і кіші кәсіпорындар. Осы кәсіпорынның 2885-де ұжымдық шарт жасалған, ал дәрежелеріне қарай 47 ірі кәсіпорынның 47-де, 110 орта кәсіпорынның 90-да, 4713 кіші кәсіпорынның 2748-де ұжымдық шарт жасалған.

Еңбек шарттарын жасасу бойынша Түркістан облысында 6 айдың қорытындысымен 1010 жұмыс беруші қосылып, 29 192 еңбек шарты енгізілді.

Өзіңіз көріп тұрғандай, қандай да бір жұмыскер жұмысқа кірген кезде заңның аясында кіруі керек. Яғни еңбек шарты жасалуы тиіс. Ол Еңбек кодексінде бекітілген нормативтік құқықтық құжат. Бізде өкінішке қарай таңертең жұмыс істеп, кешке жалақы алатын оқиғалар әлі де бар. Ол жұмыс берушіге тиімді болғанымен жұмыскерге тиімсіз. Ол жерде біріншіден мемлекет жапа шегеді. Яғни салық төленбейді. Екінші жағынан жұмыскердің ешқандай құқы қорғалмайды. Егер сіздің еңбек келісім-шартыңыз болмаса ұтыласыз. Себебі заңмен реттелмегенсіз, ешқандай зейнетақы, сақтандыру қорлары жүрмейді. Ал енді кәсіподақ осы бағытта жұмыскерлердің құқын заңның аясында қорғайды. Кейбір жұмыс берушілер осы мәселеге толық ден қоя алмай жатыр. Әсіресе жеке саладағы кәсіпкерлер ұжымдық шарт жасағысы келмейді. Бәрі деуден аулақпыз, кейбір кәсіпкерлер кәсіподақ ашылса өздеріне проблема туындайтын мәселе сияқты көреді. Ал негізінде кәсіподақ ол жұмыс берушіге де үлкен көмек беретін ұйым. Біріншіден, еңбек құқының сақталуына ықпал етеді. Екінші сол кәсіпорында болуы мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алады. Қандай да бір кәсіпорында жұмыскердің барлық құқы қорғалса, ол жерде жұмыстың тиімділігі артады. Сол себепті, ұжымдық шарт жасаудан қорқудың қажеті жоқ. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, заңды орындау барлығымыздың ортақ міндетіміз. Ендеше неге олар заңды орындаудан бас тартуы керек? Сондықтан біздің әрекетіміздің барлығы құқықтық негізде болуы тиіс, - дейді төраға.

Биыл оңтүстік өңірдегі кәсіпорындарда 34 өндірістік оқыс оқиғадан 37 адам зардап шекті. Жазатайым оқиғаның салдарынан 7 адам көз жұмды, 10 адам ауыр жарақат және 20 адам жеңіл жарақат алды. Төрағаның айтуынша, биыл жазатайым оқиғалар саны өткен жылғыға қарағанда 19-ға, зардап шеккендер саны 14-ке көбейген, бес адам қайтыс болып, ауыр жарақат алғандар саны бір адамға артқан.

Өндірісте болатын оқиғалардың негізгі себептеріне тоқталсақ, жұмысшылардың өрескел абайсыздығы – 11 жағдай, еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы – 8, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы – 7, еңбек және өндірістік тәртіптің бұзылуы – 3, еңбектің қауіпсіз тәсілдеріне жеткілікті үйретілмеу – 1, жұмыс орындарын ұйымдастырудағы кемшіліктер – 1, белгіленген жұмыс режимінің бұзылуы – 1, өзге – 2.

Ал жазатайым оқиғалар қай салаларда көбірек болып жатыр? Атап айтсақ, құрылыс мекемелерінде – 10, денсаулық сақтау мекемелерінде – 8, мұнай-газ, уран өнеркәсібінде – 4, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарында – 4, білім саласы – 3, ауыл шаруашылығында –2, өндірісте – 2, коммуналдық салада 1 оқиға орын алды.

Берік Бекжановтың сөзінше, ең көп жазатайым 10 оқиға Түркістан қаласында тіркелген, қалған 4 оқиға Созақ ауданында, 3 – Ордабасы ауданында, 3 – Жетісай ауданында, 3 – Төлеби ауданында, 3 – Түлкібас ауданында, 2 – Келес ауданында, 2 – Сайрам ауданында, 1 – Кентау қаласында, 1 – Мақтаарал ауданында, 1 – Шардара ауданында, 1 – Арыс қаласында орын алған.

Сонымен, күнгей аймақта қанша жалақы қарыз қалды деген мәліметке келсек, 2 кәсіпорында 22 жұмыскер мен қызметкер алдында 41,7 млн теңге берешегі қалған. Ал былтыр алты айда 6 кәсіпорынның 79 жұмысшыға 14,6 млн теңге қарызы болған. Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «STRATUS-OIL» ЖШС 19 жұмыскерге 40,7 млн теңге қарыз. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Қыран» футбол командасы» мекемесінің 3 қызметкеріне 1 миллион теңге берешегі бар.

Бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымы қоғамдық институт болғандықтан нарықты бақылау, мәжбүрлеп жасату туралы бізге құқық берілмеген. Біз тек заң аясында мекеме басшысына белгілі бір жұмыскердің құқы бұзылды деген тиісті хатпен шығамыз. Сонымен қатар, келісім комиссиясы деген бар. Мекемеден талқылауға шақырамыз. Егер де сол кәсіпорынның немесе мемлекеттік мекеменің әкімшілігі болсын орындамаған жағдайда, арнайы талап арызбен жұмыскердің құқын қорғау мақсатында сотқа арыздануға біздің құқымыз бар. Бізге негізінен арыз Татуластыру орталығына келіп түседі. Келген азаматтарды жоқ деп қайтармаймыз. Консультация береміз, дау туындаған жағдайда медиация арқылы шешуге тырысамыз, - дейді кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Б.Бекжанов.
Елімізде болып жатқан коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай кезінде жұмыскерлердің еңбек құқықтары қалай қорғалды? Бұл ретте кәсіподақ ұйымы кәсіпорындарға күнделікті мониторинг жүргізіп отырды. Облыс бойынша 34 кәсіпорында тұрақсыздық байқалды. Аталған кәсіпорындарда 1495 қызметкер бар. Талдау нәтижесінде 32 кәсіпорында жұмыс атқаратын 1487 адамның 1350-і мәжбүрлі ақысыз демалысқа шығарылғаны анықталды. Түркістан облысының 16 қала және аудандарында штабтар құрылды. Штабтың құрамына кәсіподақ бірлестіктерінің 14 қалалық, аудандық филиалдарының төрағалары енгізілді. Осы штабтың отырысында қорытындыланған нәтиже бойынша 12 мамырда жүйеге енгізілген 1002349 өтінішті қарау барысында 540568-не төлемақы тағайындалған, ал 3094-не тағайындаудан бас тартылған шешімдер қабылданды.

Өз кезегінде кәсіподақ мүшелері біліктілігін көтеріп тұрады. Оқытудан 8484 мүшесі өтті. Еңбек қорғау жөніндегі техникалық 1552 инспектордың 1512-сі біліктілігін көтерген. Инспекторлар өндірістік кеңестің бастамасымен 12 тексеру, жұмысшылардың бастамасымен 13 тексеру және тағы басқа тексерулер жүргізді. Нәтижесінде еңбек заңдылықтарын бұзған 8 дерек анықталып, ол ескертпелер толығымен түзетілді.

Коронавирус ауруына байланысты төтенше жағдай кезінде кәсіподақтармен Түркістан облысының тұрғындарына жалпы 20 млн теңгеге жуық қаржыға әлеуметтік көмектер көрсетілді. Кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен қор жасақталып, 700 мың теңгеге Түркістан облысының әлеуметтік қолдауды қажет ететін мұқтаж 50 отбасына азық-түлік себеттері және 1000 бетперде таратылды. Қазпошта салалық кәсіподағы жұмыскерлеріне 500 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Көлік және жолаушылар тасымалы салалық кәсіподағы жұмыскерлеріне жалпы 428 мың теңгеге әлеуметтік көмек көрсетіп, оның ішінде 100 мың теңгеге медициналық бетперделер тегін таратылды. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті мен аудандық, қалалық филиалдар тарапынан төтенше жағдай уақытында 267 отбасына, оның ішінде көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен, ауырып ем қабылдаған жұмыскерлердің отбасына қайырымдылық көмек ретінде 17 млн 215 мың теңге көлемінде қаржы берілген. Оның ішінде, төтенше жағдайдың кезінде аянбай еңбек етіп жүрген 25 медицина қызметкеріне жалпы 3,5 млн теңгенің санаторлық жолдамалары табыс етілді, - деді Б.Бекжанов.
Жоғарыда бөлінген қаражаттың 800 мың теңгесіне ұйымның атынан 127 250 бетперде тігіліп, оны тегін таратқан. Бұдан өзге, салалық кәсіподақ қоғамдық бірлестіктерінің Түркістан облыстық филиалы жалпы 408 мың теңгенің көмегін ұйымдастырып, демеушілердің есебінен 500 бетпердені тегін таратты. Түркістан облыстық ауылшаруашылық өндірістік кешені салалық кәсіподағы мен орман шаруашылы кәсіподағының ұйымдастыруымен 255 мың теңгенің азық-түлік көмегін көрсеткен. Театрлардың өндірістік цехтары арқылы 2000 данадан астам бетперделер тігіп, тегін таратылды. Құрылыс кешені мен тұрғын-үй кәсіподағының облыстағы филиалы жалпы 190 мың теңгеге 20 отбасына азық-түлік себеттерін және Түркістан қаласының тұрғыны Әли Ерболға мүгедек баласына қоларба алуға салалық кәсіподақ ұйымының атынан 40 мың теңге қаржылай көмек жинап берді.

Еске сала кетсек, осы жылдың 2 мамыр күні Мақтаарал ауданында су тасқыны болып, суға кеткен елді мекеннің халқы қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Өз кезегінде Қазақстан және Өзбекстан Республикаларының Кәсіподақтар федерациясы бірігіп, мақтааралдықтарға 66 млн теңгенің көмегін көрсетті. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары жалпы 50 млн теңгенің көмегін көрсетті. Атап айтар болсақ, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Мақтаарал ауданында атқаратын лауазымына қарамастан білім беру ұйымдарындағы 365 жұмыскердің әрқайсысына 35 000 теңгеден, жалпы 13 млн теңге қаржылай көмек берді. Оның ішінде кәсіподақтың құрамына кірмейтін білім беру ұйымдары да бар екенін атап өткен жөн.

Семей мәдениет салалық кәсіподағы 50 адамға 3 млн 730 мың теңге қаржылай көмек берді. Ауданның 4 мектебіне яғни 1608 оқушыға 100 ноутбук, 8 принтер және аудан тұрғындарының 5 шипажайда ("Меркі", "Көктем", "Жаңақорған", "Манкент", "Щучинск" шипажайларында) демалуы үшін 100 тегін жолдама тапсырылды.

Ал Өзбекстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары жалпы 16 млн теңгенің көмегін көрсетті. Мақтаарал ауданының 4 мектебіне 100 парта және 200 орындық, 5 интерактивті тақта әкелді. Тұрғындарға бір жүк машинасымен 100 көрпе-төсек жинағы, 1 жүк көлігімен азық-түлік тауарлары мен бір жүк минералды сусындар жеткізіп берді.


Өзгелердің жаңалығы