Көпбалалы отбасыларға берілетін пәтер бағасы қандай болмақ

5 Наурыз 2019, 18:11
2674
Бөлісу:
Көпбалалы отбасыларға берілетін пәтер бағасы қандай болмақ

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көпбалалы отбасыларға берілетін пәтерлердің құнын есептеді.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында министрлікке қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов әкімдіктерде 487 мың адам кезекте тұрғанын айтты. Олардың 28 мыңы – көпбалалы аналар.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеті жылда 42 мың, яғни жылына 6 мың пәтер салу көзделіп отыр. Осы мақсатта жылына 50 млрд теңге бөлінеді. Пәтер құны 8 400 мың теңгеден басталады. Бұл 60 шаршы метр. 1 шаршы метрі – 140 мың теңге», - деді Мархабат Жайымбетов.

Еске сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әр балаға 21 мың теңге қалай төленетіні туралы айтқан еді. Сондай-ақ, ол осы жылдың 1 шілдесінен бастап болжам бойынша 1 миллион қазақстандықтың жалақысы көтерілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, ведомство басшысы мемлекеттен жәрдемақы алу үшін қағаздарды азайту процесі қалай жүргізілетінін айтып берді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы қалай өзгеретінін айтты. Оның сөзінше, жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен Қазақстан азаматтарына, отбасыларға, балаларға көмек көрсетіледі. Мүгедек балалар мен 18 жастан үлкен мүгедек балалардың күтіміне берілетін жәрдемақы бұрын 31 180 теңге болса, қазір 10 мыңға көп, яғни 41 578 теңге. Осы қабылданған шаралар аясында 100 мыңнан астам қазақстандық қамтылатын болады.

Назерке АБИБУЛЛА

Өзгелердің жаңалығы