Мүгедек балалардың күтіміне берілетін жәрдемақы артты

5 Наурыз 2019, 17:50
3599
Бөлісу:
Мүгедек балалардың күтіміне берілетін жәрдемақы артты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы қалай өзгеретінін айтты.

«Жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен Қазақстан азаматтарына, отбасыларға, балаларға көмек көрсетіледі. Мүгедек балалар мен 18 жастан үлкен мүгедек балалардың күтіміне берілетін жәрдемақы бұрын 31 180 теңге болса, қазір 10 мыңға көп, яғни 41 578 теңге. Осы қабылданған шаралар аясында 100 мыңнан астам қазақстандық қамтылатын болады», - деді Бердібек Сапарабаев.

Министр мүмкіндігі бар қазақстандықтардың жұмыс істеуіне жағдай жасау басты міндеттердің бірі екенін айтты.

«Осының аясында ауылдық жерде тұратын адамдарға 505 мың теңге көлемінде арнайы гранттар бөлінеді. Үйдегі әлеуметтік жұмыс орны жөнінде мысалдар көп. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе оларға жағдай жасап, үйде жұмыс істеп, әрі балаларын тәрбиелей отырып, ақша табуы үшін жағдай жасаймыз», - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әр балаға 21 мың теңге қалай төленетіні туралы айтқан еді. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев 2019 жылғы 1 шілдеден бастап болжам бойынша 1 миллион қазақстандықтың жалақысы көтерілетінін айтты.

Сонымен қатар, ведомство басшысы мемлекеттен жәрдемақы алу үшін қағаздарды азайту процесі қалай жүргізілетінін айтып берді.

Назерке АБИБУЛЛА


Өзгелердің жаңалығы