Қостанайда көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды

8 Мамыр 2019, 13:55
1620
Бөлісу:
Қостанайда көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қостанай қаласында баспана кезегінде тұрған көпбалалы әрі аз қамтылған 80 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Юбилейный шағын ауданында болған салтанатты шарада айтты.

Жаңадан бой көтеріп жатқан Юбилейный шағын ауданында көпбалалы 20 отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Салтанатты жиынға облыс басшысы Архимед Мұхамбетов қатысып, көпшілікті қуанышты күнмен құттықтады.

Қостанайда көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды

«Өздеріңізге белгілі, Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті атқарушы органдарға көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қамқорлық шараларымен қамту туралы тапсырма берген болатын. Жүктелген міндетті орындау аясында өңірде көптеген жұмыстар қолға алынды. Соның бірі – баспанамен қамту. Биыл осы санатқа жататын 80 жанұя қоныс тойын тойламақ», - деген өңір басшысы тұрғын үймен қамту жоспарына сәйкес, биыл Қостанайға республикалық бюджеттен 900 млн теңге бөлінгенін тілге тиек етті.

2019 жылы 80 отбасыға берілетін жаңа пәтерлер Юбилейный шағын ауданынан бөлек, Қобыланды батыр, Узкоколейный көшелерінде салынуда.

Қостанайда көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды

Әкім қолынан пәтер кілтін алғандардың бірі Гүлжауһар Байдәулетова тұрғын үй кезегінде 14 жыл тұрғанын айтады.

Қостанайда көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды

«Жеті баланың анасымын. Үлкенім – отызда, кенжеміз – он бесте. Немерелерім бар. 2005 жылы кезекке тұрып, осынша күткен баспанаға қол жеткіздік. Бұл бізге Рамазан айында тамаша сый болды», – дейді көпбалалы ана.

Қазіргі таңда Қостанай қаласында көпбалалы 478 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Қала әкімі Қайрат Ахметовтің айтуынша, олар үш жылдың көлемінде баспанамен толықтай қамтылады.


Өзгелердің жаңалығы