Көкөніс өсірушілер мәселелерін шешу үшін Жол картасы әзірленеді – АШМ

25 Қараша 2019, 13:20
2375
Бөлісу:
Көкөніс өсірушілер мәселелерін шешу үшін Жол картасы әзірленеді – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі әр сенбі сайын салалық қауымдастықтармен және ірі өңдеуші кәсіпорындармен кездесуді жалғастыруда. Сапархан Омаров "Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілері" одағының басшысы Қайрат Бисетаевпен кездесті.

Кездесу барысында көкөніс шаруашылығын дамыту, оның ішінде картоп өндірісін ұлғайту бойынша бірқатар өзекті мәселелерді, алда тұрған міндеттер мен жоспарларды талқылады. Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілері одағының өкілдері министрге осы саладағы мемлекеттік қолдау көрсетуді арттыру, инвестициялық субсидиялау, тұқым бағасын біріздендіру және т.б. мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Көтерілген мәселелердің көпшілігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау тапты. Атап айтқанда, Сапархан Омаров кеңес қорытындысы бойынша АШМ-нің бейінді департаментіне "Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілері" одағы және "Атамекен" ҰКП бірлесіп бір апталық мерзімде "картоп өсіру саласын" дамыту бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды, - делінген таратылған ақпаратта.

пос.JPG

Айта кетсек, ауыл шаруашылығы министрлігінде агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кездесуден кейін осы саладағы проблемалық мәселелерді анықтап әрі толық зерделеу мақсатында әр апта сайын салалық қауымдастықтармен және ірі өңдеуші кәсіпорындармен кездесулер ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. 

Өткен айда Қазақстанның астық өңдеушілер мен нан пісірушілер Одағының, республикалық қой шаруашылығы палатасының және несиелік серіктестіктер қауымдастығы, сондай-ақ қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мүшелерімен кездесу өтті.

Жақын арада кондитерлердің, құс және жұмыртқа өндірушілерімен, бағбандармен, сондай-ақ Қазақстанның астық, сүт және ет-сүт одақтарының салалық бірлестік өкілдерімен сенбілік кездесулер өткізу жоспарланған.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы