Көбейтұз жалға берілмейтін болды

22 Шілде 2020, 15:57
2272
Бөлісу:
Көбейтұз жалға берілмейтін болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Кеше мен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевпен сөйлестім. Көбейтұзды аукционға шығармай, жалға бермеуді шештік. Жалпы, бұл жеке тұлғалар мен компанияларға туристерге жағдай жасап, санитарлық талаптарды ұйымдастыру үшін беріледі. Біз мұндай жерлерді қорғауға қауқарлымыз. Көбейтұз ерекше қорғалатын табиғи аумаққа енгізіледі. Ол мемлекеттің қорғауында болады. Біз, әрине, барлық жерге күзет қоя алмаймыз. Келушілер кеткеннен кейін де ештеңеге зақым келтірмей, қалай болды, солай қалдыруларын сұраймыз, - деді ол.
Министр жалға берушілер белгілі жауапкершілікті алатынын айтты. 
Ең басты талап – табиғатқа зиян келтірмеу. Ерейментау ауданындағы Көбейтұз, Қоржынкөл, Теңіз көлдері бойынша құзырет жергілікті атқарушы органдарда болып отыр. Әкімдік оны қажетті жағдай жасау үшін істеп отыр. Пандемия кезінде тұрғындар жақын жерлерге барып жатыр. Оларға жағдай жасау керек. Жеке бизнес мемлекетке қарағанда жағдайды жақсы жасайды. Оны мойындау керек. Алайда оларға қойылатын басты талап - табиғатқа зиян келтірмеу, - деді ол. 

Осыған дейін Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтында Көбейтұзды 49 жылға жеке пайдалануға беру туралы байқау жарияланған болатын.

Өзгелердің жаңалығы