«ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновке қатысты жаңа деректер белгілі болды. Оның есімі 2024 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (ҚСжАЕК) мемлекеттік деректер базасында жарияланған іздеудегі тұлғалар тізімінде пайда болған.
Ресми дерекке сәйкес, Қапенов Азамат Абайұлы 1978 жылғы 12 сәуірде туған, Қазақстан азаматы, ұлты – қазақ. Бұған дейін іздеу ісі 2024 жылғы 9 тамызда Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Іздеуді бастаған орган – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті.
Іздеу карточкасында оның қылмыстық іс бойынша бірнеше күннен бері халықаралық іздеуде жүргені көрсетілген.
Сонымен қатар бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Азамат Қапеновтің бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің күйеу баласы болғанын жазады. Мәліметтерге қарағанда, ол Мәсімовтің үлкен қызы Тамиламен некеде тұрған, алайда кейін активтерді сақтау мақсатында ажырасқаны айтылады.
БАҚ дерегінше, Қапенов 2014 жылы Мәскеуде үйлену тойын өткізіп, сол кезеңде Ресей азаматтығын алған. Бұл уақытта Қазақстан прокуратурасы оның басқаруындағы «ҚазТемірТранс» компаниясына қатысты жүк тасымалы тарифтерін негізсіз өсіру фактісі бойынша тексеру жүргізген.
Сол жылдары Қапенов Мәскеуде элиталық жылжымайтын мүлік пен автокөліктер сатып алуға шамамен 10 миллиард теңге жұмсағаны да айтылып отыр.
Кейін «ҚазТемірТрансқа» қатысты тариф ісі тоқтатылған соң, ол Қазақстанға қайта келіп жүрген. Алайда Қаңтар оқиғаларынан кейін және Кәрім Мәсімов мемлекеттік қызметтерінен айырылған соң жағдай өзгерген.
Қазіргі уақытта Азамат Қапеновке қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ол 5,2 миллиард теңгеден астам залал келтірді деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланған.
2023 жылғы сәуір айының соңында Астанадағы сот Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті күштеп басып алуға тырысқаны, билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырды.