Тоқаев ЕАЭО кеңістігінде жасанды интеллектіні бірігіп дамытуды ұсынды

Форумда Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытуға қатысты Қазақстанның жоспарын жариялады.

Бүгiн 2026, 20:26
АВТОР
 Ақорда Бүгiн 2026, 20:26
Бүгiн 2026, 20:26
125
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық инфрақұрылымды күшейту бағытындағы бастамалары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалығы аясында жасанды интеллект технологияларын ЕАЭО кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерге енгізу бастамасын көтергенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қадам одақ аясындағы экономикалық еркіндіктерді кеңейтіп, мүше мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесіне және экономиканың негізгі салаларына цифрлық шешімдер мен смарт-платформаларды тиімді енгізіп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге шығару үшін елімізде 2026 жыл Жасанды интеллект және цифрлық трансформация жылы болып жарияланды. Біз цифрлық қоғамды қалыптастырумен қатар, азаматтардың дербес мәліметтерін қорғауға ерекше назар аударамыз, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан Конституциясында алғаш рет жеке деректерді қорғау құқығы нақты бекітілген. Сонымен қатар ақпаратты заңсыз жинауға, сақтауға және таратуға тыйым салынған.

Президент цифрлық саланы институционалды тұрғыдан дамыту үшін арнайы министрлік құрылғанын да айтты. Бұдан бөлек, елімізде жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі ұлттық кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына халықаралық сарапшылар, ІТ-сала мамандары, бизнес қауымдастық өкілдері мен мемлекеттік орган қызметкерлері кірген.

Мемлекет басшысы Қазақстанда технологиялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жедел қарқынмен жүріп жатқанын жеткізді.

Біздің өңірде алғаш рет NVIDIA технологиялары негізінде жұмыс істейтін екі суперкомпьютер іске қосылды. Бұл Қазақстанның цифрлық әлеуетін айтарлықтай күшейтеді, - деді ол.

Сонымен қатар Президент адами капиталды дамыту мәселесіне де тоқталды. 

Президент атағандай, Alem.AI халықаралық орталығы алаңында TUMO және Tomorrow School инновациялық мектептері ашылып, Telegram мен Presight секілді халықаралық компаниялардың зерттеу зертханалары іске қосылған.

Бұған дейін Тоқаев жаһандық өзгерістер аясында ЕАЭО әлеуетін нығайтуға шақырды.

Наверх