ХҚКО қызметкерін соққыға жыққан бұзақының ісі қылмыстық сотта қаралады

12 Желтоқсан 2019, 17:08
7184
Бөлісу:
ХҚКО қызметкерін соққыға жыққан бұзақының ісі қылмыстық сотта қаралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сот Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін соққыға жыққан азаматтың әрекетін қоғам үшін аса қауіпті деп санап, істі қылмыс ретінде тергеу үшін полицияға қайтарып берді. 

Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінң брифингі барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрайымы Әсемгүл Балташева мәлімдеді. 

Өздеріңізге мәлім, осы жылдың тамыз айында ер адам Алматы қаласының Алмалы ауданының ХКО-ға жүгінген. Ол өзінің кәмелет жасына толған қызының атынан қызмет алғысы келген. Алайда, оның туыстық қатынасты растайтын құжаттары болмаған. Ол кісіге құжаттардың толық пакетін беру қажеттілігі бірнеше рет түсіндірілгеніне қарамастан, құжатсыз-ақ қызметтің көрсетілуін талап еткен.

Азаматтың қоқан-лоққысына қарамастан, оператор маман қызмет көрсетуден бас тартқан. Бұған жауап ретінде ер адам ХҚО маманын соққыға жығып, мұрнын сындырған. Полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғап, оны сотқа жіберген болатын. Алайда, сот материалдарды полиция департаментіне қылмыстық іс қозғау үшін қайтарып берді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, - дейді Әсемгүл Балташева.

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы ХҚО қызметкерлеріне шабуыл жасалған 8 дерек тіркелген.

Көп жағдайда шабуылдаушылар үшінші тарапқа қызметтерді нотариалды куәландырылған сенімхатсыз алғысы келген. Қызметкерлеріміз қызмет көрсету стандартын сақтай отырып, өтінішті қабылдаудан бас тартқан кезде, қызмет алушылар ұрсыс бастап, кейбірі тіпті төбелеске барған. Осы барлық факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді, – деп толықтырды «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының төрайымы.
Өзгелердің жаңалығы