"Қорғас ісі" бойынша сотталған ҰҚК қызметкері мен кеден басшысы босады

23 Қазан 2019, 22:23
2194
Бөлісу:
"Қорғас ісі" бойынша сотталған ҰҚК қызметкері мен кеден басшысы босады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қорғас ісіндегі" негізгі айыпталушылардың бірі болған ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Талғат Жақаев пен Алматы облысы кеден қызметінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев бостандыққа шықты. Олардың өтелмеген жазасын айыппұлға ауыстырды.

 Азаттықтың хабарлауына қарағанда, Қазақстанның бірнеше ақпарат құралында жарияланған бұл мәліметті Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі растаған.

Қазақстанның қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соты "Қорғас ісі" бойынша айыптау үкімін 2014 жылы 12 сәуірде шығарған.

Сот айыптауы бойынша, "Қорғас" кеден бекетіндегі алаяқ әрекеттерді ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды тұлғалары жасырып келген. Өзге де дауазымды тұлғалармен қатар, ҰҚК полковнигі Талғат Жақаев 17 жылға, Алматы облысының кедендік бақылау департаментінің бұрынғы бастығы Құрманбек Артықбаев 14 жылға бостандығынан айырылған.

2011 жылы Қазақстанның сол кездегі экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігі Алматы облысындағы "Қорғас" және "Қалжат" кеден бекеті мен "Алатау" техникалық қызмет көрсету орталығын тексеріп, 100-ге жуық адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленгенін жариялаған. "Қорғас ісі" деректеріне қарағанда, сотталғандар Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен бірнеше жыл айналысып келген. Тауарларды Қазақстан және Қырғызстан базарларына жіберген.

"Қорғас" – Қазақстан мен Қытай шекарасындағы негізгі кеден бекеттерінің бірі. Қазақстан, Қырғызстан және Ресейге Қытайдан жеткізілетін жүктің үлкен бөлігі осы бекет арқылы өтеді.

Өзгелердің жаңалығы