Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарды шетелге сапар жоспарлау кезінде сақ болуға шақырды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда кейбір мемлекеттерде қауіпсіздік пен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, қазақстандықтарға әзірге Иранға сапарламаған жөн. Сонымен қатар Африка құрлығындағы бірқатар мемлекетке барудан да бас тарту ұсынылады. Сыртқы істер министрлігі мұны бірнеше елдегі тұрақсыз саяси ахуалмен және эпидемиологиялық қауіптердің сақталуымен байланыстырып отыр.
Африка елдерінің кейбірінде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Ал Таяу Шығыстағы жағдай баршаға белгілі. Сондықтан қазіргі уақытта Иранға баруды ұсынбаймыз. Сондай-ақ Африканың бірқатар мемлекетіне сапардан бас тартқан дұрыс, – деді Ержан Ашықбаев.
Министрлік өкілі шетелге шыққан әрбір азамат қабылдаушы елдің заңнамасын қатаң сақтауы тиіс екенін де еске салды. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары қай елде жүрсе де жергілікті заң талаптарын орындауға міндетті