АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың ушығу қаупі әлемдік мұнай нарығына әсер етті. АҚШ-тың Ирандағы Кешм аралына соққы жасағаны туралы ақпараттан кейін мұнай бағасы қайта өсті. Бұл туралы BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
3 қараша күні таңертең Brent маркалы мұнайдың бағасы 0,5 пайызға өсіп, барреліне 105,25 долларға жетті. Ал WTI маркалы америкалық мұнай 0,5 пайызға қымбаттап, 96,93 доллар болды.
Бір күн бұрын мұнай бағасы керісінше күрт төмендеген еді. Дүйсенбі қорытындысы бойынша Brent 7,63 пайызға арзандап, барреліне 104,77 долларды құрады.
The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, АҚШ Иранның Кешм аралына әскери соққы жасаған. Америкалық шенеуніктер операцияның қорғаныс сипатында болғанын және Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтқан.
KCM Trade компаниясының бас сарапшысы Тим Уотерердің пікірінше, әскери әрекеттер туралы ақпарат мұнай бағасына қосымша тәуекел үстемесін енгізген. Нарық қатысушылары дипломатиялық шешімге үміт арта бастаған тұста бұл хабар саудагерлердің көңіл күйін өзгерткен.
Сонымен бірге АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жалғасып жатыр. Тегеран соғысты тоқтату жөніндегі дипломатиялық байланыстар үзілмегенін мәлімдеді. Иран тарапы Катарлық делдалдармен консультациялар өткізіп, ұсыныстарын қайта қарағанымен, әзірге нақты келісімге қол жеткізілмеген.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы – әлемдік энергетикалық ресурстар тасымалданатын маңызды бағыттардың бірі. Қақтығыс басталғанға дейін осы бұғаз арқылы әлемдік мұнай мен табиғи газ жеткізілімінің шамамен бестен бір бөлігі өткен.
Сарапшылар Таяу Шығыстағы ахуалдың мұнай нарығына әсері жалғасып отырғанын атап өтеді. Ал АҚШ әкімшілігі үшін Иранмен қақтығысты реттеу экономикалық тұрғыдан да маңызды. Өйткені соғыс америкалық нарықтағы бензин бағасының өсуіне әсер еткен факторлардың бірі болып отыр.
Бұған дейін әлемде дизель отынының қоры соңғы 35 жылдағы ең төменгі деңгейге түскенін жаздық.