Иран АҚШ ұсынған соғысты тоқтату туралы келісім жобасын зерттеп жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі ирандық БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметтерге сәйкес, Тегеран әзірге Вашингтонның ұсынысына ресми жауап берген жоқ және АҚШ-пен келіссөздерде қатаң ұстанымын сақтап отыр. Иран тарапы Вашингтонға сенімсіздік білдіріп, түпкілікті шешім қабылдауға асықпайтынын мәлімдеген.
АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөздер жалғасып жатқанын айтып, алдағы аптада атысты тоқтату режимін ұзарту және Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру жөнінде келісімге қол жеткізу мүмкіндігін жоққа шығармады.
Иран уақытша келісім аясында экономикалық қысымды жеңілдетуді, мұнай экспортына қойылған шектеулерді алып тастауды және Ормуз бұғазына қатысты ықпал тетіктерін сақтап қалуды көздейді. Ал АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы бойынша қосымша келіссөздер жүргізуді және бұғаздағы теңіз қатынасын толық қалпына келтіруді талап етіп отыр.
Сонымен қатар Израиль Ливанның оңтүстігіндегі нысандарға соққыларын жалғастыруда. Ливан билігінің мәліметінше, әскери іс-қимылдар салдарынан жүздеген мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Сарапшылардың пікірінше, Ормуз бұғазының жабылуы әлемдік энергетикалық нарыққа қысым жасап, мұнай мен сұйытылған газ бағасының өсуіне әсер етуде.