Тегеран қазіргі уақытта АҚШ-пен келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында елдің Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мәлімдеді.
Дипломаттың айтуынша, тараптар әзірге тек делдалдар арқылы бір-біріне хабарлама жолдап отыр.
Қазіргі уақытта біз АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқпыз. Делдалдар арқылы хабарлама алмасып жатырмыз, алайда мұны келіссөз деп атауға болмайды, – деді Аракчи.
Оның сөзінше, АҚШ өзара түсіністік туралы меморандум талаптарын бұзудың салдарын жоймайынша, келіссөздерді қайта бастау мүмкін емес.
Ормуз бұғазына қатысты жағдайға тоқталған Аракчи Оманмен жасалған уағдаластықтардың өзі бұғаздың ашылатынын білдірмейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, бұғазды ашу үшін қосымша шарттар орындалуы керек. Иран бұл талаптарды делдалдар арқылы АҚШ тарапына жеткізген.
Еске салайық, бұған дейін Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трампқа шарт қойған болатын.