Иран парламенті Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Тегеранға қарсы саясатты жалғастырған жағдайда, ел уранды 93 пайызға дейін байытуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Iran International-ге сілтеме жасап.
Ислам Республикасы ядролық зерттеулер мен әзірлемелерге ешқандай шектеу қоймайды және өз ғылыми, медициналық әрі өндірістік қажеттіліктеріне қарай уранды 93%-ға дейін байыта алады, - делінген құжатта.
Парламенттің қарарында Иранның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа сәйкес бейбіт мақсатта атомды зерттеу, әзірлеу және пайдалану құқығы дау тудырмайтыны баса айтылған. Сонымен қатар, Иран өз әрекеттерін МАГАТЭ кепілдіктерімен толық сәйкестендіретінін де нақтылады.
Парламент мүшелері МАГАТЭ-ні Иранның заңды құқықтарын, соның ішінде уранды 93%-ға дейін байыту құқығын бұзбауға шақырып, мұндай әрекеттерге "тиісті жауап" берілетінін ескертті. Бұған қоса, Иран заң шығарушылары агенттікті соңғы 40 жыл бойы елдің атом энергетикасының бейбіт дамуына кедергі келтірді деп сынға алды және МАГАТЭ-нің Израильден алынған саяси сипаттағы барлау ақпаратына сүйенуін айыптады.
Айта кетейік, бұған дейін The New York Times басылымы Иран АҚШ-ты уранды байыту жобасына Таяу Шығыс елдерімен бірге қатысатын халықаралық консорциум құруды ұсынғанын хабарлаған болатын. Бұл бастаманы 11 мамырда Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффқа жеткізген. Басылымға сәйкес, Тегеранның бұл ұсынысы Вашингтонның Иранның ядролық бағдарламасын толық тоқтату талабына балама ретінде ұсынылған.