Ормуз бұғазындағы Кешм аралының маңында Иранның жүк кемесі шабуылға ұшырады. Салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алды. Осы оқиға аясында Иран мен Оман өңір елдері сыртқы істер министрлерінің бұғаздағы кеме қатынасына арналған кездесуін кейінге қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press-ке сілтеме жасап.
Иранның IRNA агенттігі Кешм губернаторының сөзіне сүйене отырып, шабуылдың артында «террористік қарсылас» тұрғанын мәлімдеді. Соққыны кім жасағаны ресми түрде анықталған жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп журналистің АҚШ-тың бұл шабуылға қатысы бар-жоғы туралы сұрағына түсініктеме беруден бас тартатынын айтты.
Кешм аралы Бендер-Аббас порт қаласынан шамамен 22 шақырым қашықтықта орналасқан және Иранның Ормуз бұғазын бақылауында маңызды рөл атқарады.
Соққы жасалардан бірнеше сағат бұрын Иран президенті Масуд Пезешкиан елдің қысымға мойынсұнбайтынын мәлімдеді.
Ормуз бұғазы бойынша кездесу кейінге шегерілді
Бұған дейін Иран дүйсенбі күні Оманда өңір елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтетінін хабарлаған еді. Онда Тегеран мен Маскаттың Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын басқару жөніндегі уағдаластықтарын талқылау жоспарланған болатын.
Оманның сыртқы істер министрі Бадр аль-Бусаиди кейін кездесудің қатысушылар арасында ортақ келісімге қол жеткізу мақсатында кейінге шегерілгенін хабарлады.
Иран тарапы бұл шешімнің өңірдің бірнеше елдерінің өтініші бойынша қабылданғанын мәлімдеді.
AP мәліметінше, Сауд Арабиясы Иран мен Оман арасындағы келісімге өзгерістер енгізуді ұсынған. Эр-Рияд жаңа ережелер Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің басқа елдері үшін ұзақмерзімді салдарға әкеп соқтырады деп қауіптенеді.
Кездесу кейінге қалдырылғанға дейін оған тек Ирактың қатысатыны ресми түрде расталған еді. Бахрейн Тегеранмен дипломатиялық қатынастардың жоқтығына байланысты қатыспайтынын хабарлады.
Бұғаздағы кеме қатынасы шектеулі күйінде қалып отыр
Жалғасып жатқан шабуылдар аясында Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кеме қатынасы төмен деңгейде қалуда.
Британдық UK Maritime Trade Operations қызметі жексенбі күні бұғаздан өту кезінде снаряд тиген кеме туралы хабарлады. Кеме бортында қатты өрт басталып, жергілікті билік эвакуация жұмыстарын жүргізді. Бұл сол ирандық кеме ме, жоқ па, ол әзірге белгісіз.
Иран бұған дейін кемелердің өтуі үшін ақы алу ниеті бар екенін мәлімдеген болатын. Ұсынылған сызба бойынша Парсы шығанағына кіретін қозғалыс иран сулары арқылы, ал шығу бағыты ішінара Иран мен Оман сулары арқылы өтуге тиіс еді.
Ормуз бұғазына балама маршруттардың бірі болып табылатын Баб-эль-Мандеб бұғазы ауданындағы жағдайдың ушығуы кеме қатынасына қосымша қысым тудырды. Өткен аптада Иран қолдайтын хуситтер осы аудандағы аралды басып алды.
Еске салайық, бұған дейін Ормуз бұғазындағы жағдайдан кейін АҚШ 100 сауда кемесінің бағытын өзгертті.