Иран ЕАЭО-мен саудада серпіліс жасауға үміттеніп отыр

Иран өкілі ЕАЭО-мен экономикалық байланыстарды кеңейту маңызды екенін айтты.

 ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 16:40
Бүгiн 2026, 16:40
372
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Иран Еуразиялық экономикалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты айтарлықтай кеңейтуді көздеп отыр және тараптар арасындағы өзара іс-қимыл әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған деп есептейді. Бұл туралы Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Иранның өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бір жылдан астам уақыт бұрын күшіне енген Иран мен ЕАЭО мемлекеттері арасындағы еркін сауда туралы келісім қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетіп, өзара тауар айналымының өсуіне ықпал етіп отыр.

Бұл келісім қатысушы елдердің ұлттық экономикалары мен кәсіпкерлері үшін бірегей мүмкіндік қалыптастырып, өзара сауда көлемін арттыруға қолайлы алаң дайындады. Қазірдің өзінде ол елдер арасындағы тауар айналымының өсуіне әсер етіп отыр, – деді министр.

Сонымен қатар Атабактың пікірінше, қазіргі көрсеткіштер тараптардың нақты мүмкіндігін толық көрсетпейді.

Біздің сауда әлеуетіміз қазіргі көрсеткіштен әлдеқайда жоғары екеніне сенімдімін және бұл қарқын алдағы уақытта да жалғасады. Құдай қаласа, өзара саудадағы нағыз серпілістің куәсі боламыз, – деді ол.

Иран ведомствосының басшысы сауданы одан әрі дамыту үшін көлік, логистика және қаржы инфрақұрылымын жетілдіру қажет екенін айтты. Атап айтқанда, Иран Одақ елдері арасында тәуелсіз есеп айырысу тетіктерін құруды және өзара саудада ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануды қолдайды.

Иран Ислам Республикасы ЕАЭО үшін үшінші елдердің әділетсіз әрі заңсыз санкцияларынан қорғайтын, сыртқы күштерге тәуелсіз қаржылық есеп айырысу жүйесін құру қажет деп санайды, – деді Иран елінің министрі.

Атабактың сөзінше, Тегеран ЕАЭО-ны БРИКС пен Шанхай ынтымақтастық ұйымымен қатар ұзақмерзімді экономикалық әріптестіктің негізгі алаңдарының бірі ретінде қарастырады.

Министр Иран Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына алдағы уақытта да белсенді қатысып, бірлестікке мүше барлық мемлекетпен сауда, инвестиция және өнеркәсіптік кооперация байланыстарын кеңейтуді жалғастыратынын айтты.

Иран Ислам Республикасының ЕАЭО отырыстарына ең жоғары деңгейде белсенді қатысуы – Одаққа мүше бес мемлекетпен және байқаушы елдермен өзара сауда-экономикалық қатынасты кеңейтуге деген берік ұстанымымыз бен нақты еркіміздің көрінісі, – деді ол.

Сөз барысында Атабак халықаралық жағдайға да тоқталды.

АҚШ пен сионистік режим тарапынан заңсыз екі соғыс таңылғанына қарамастан, Иран Ислам Республикасы өткен жылы да, биыл да ЕАЭО мемлекет басшыларының кездесулері мен салалық іс-шараларға қатысуын жалғастырып келеді, – деді министр.

Оның айтуынша, күрделі сыртқы жағдайға қарамастан, Иран экономикалық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, еуразиялық интеграция мүмкіндіктерін сауда, инвестиция және өнеркәсіптік байланысты кеңейту үшін пайдалануға ниетті.

Иран тарапының бұл мәлімдемесі ЕАЭО-ның сауда, логистика, инвестиция және технологиялық даму мәселелері төңірегінде Еуразия мемлекеттері мен өзге өңір серіктестерін біріктіретін ірі халықаралық экономикалық алаң ретіндегі рөлінің күшейіп келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталғанын хабарлаған болатынбыз.

Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан IT-қызмет экспортын 1 миллиард долларға жеткізгенін айтты

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ЕАЭО-да шағын бизнесті өндірістік тізбекке қосуды ұсынды.

Ал Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса ЕАЭО-ны экономиканы дамытудағы басты серіктестердің бірі деп атады.

Наверх