Apple биыл күзге жоспарланған жаңа iPhone модельдерінің бағасын көтеруі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бағаның өсуіне не себеп?
Сарапшылардың айтуынша, бағаның көтерілуіне негізгі себеп – АҚШ-тың Қытайда өндірілген смартфондарға салынған 20 пайыздық импорттық баж салығының әлі де күшінде қалуы. Бұл салықтар кезінде Дональд Трамптың бастамасымен Қытаймен сауда соғысы аясында енгізілген болатын. Соңғы келіссөздер кезінде кейбір салаларға жеңілдік жасалғанымен, смартфондар бұл тізімге енбеді.
Apple компаниясы бұл қосымша шығындарды тұтынушылар есебінен өтеуге мәжбүр. Дегенмен, компания өкілдері бағаның өсуін тарифтермен емес, жаңа iPhone модельдерінің инновациялық мүмкіндіктерімен, жетілдірілген дизайнымен және жоғары өнімділігі әсер етеді.
Қай модельдер қымбаттайды?
Бағаның көтерілуі, ең алдымен, iPhone Pro және Pro Max секілді флагмандық модельдерге әсер етеді деп болжануда. Бұл құрылғылар әлі де Қытайда құрастырылып келеді. Apple компаниясы өндірісті Үндістанға көшіруді бастап кеткенімен, қазіргі таңда Қытай әлі де жоғары сапалы компоненттерді жинау және жеткізу бойынша басты орталық болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ нарығын толығымен Үндістан өндірісімен қамтамасыз ету 2026-2027 жылдарға дейін мүмкін емес.
Apple-дің бас директоры Тим Кук инвесторлармен кездесу кезінде сауда баж салығының келесі тоқсанда компанияға қосымша 900 миллион доллар шығын әкелетінін мәлімдеді. Ол өндірістің бір бөлігін АҚШ аумағына көшіру жоспары бар екенін де растады. Алайда бұл қадам бірнеше жылдарға созылатын ұзақ әрі қымбат процесс болмақ.
Жаңа функциялар пайда болады
Apple тек баға емес, технология жағынан да жаңа мүмкіндіктер ұсынбақ. Apple Watch көмегімен енді жүрек қағысын бақылап, тіпті ЭКГ (жүрек электрокардиограммасы) жазуға болады. Бұл мүмкіндік Apple мен Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы келіссөздердің нәтижесінде қолжетімді болған. Енді цифрлы медицина құралдары қолжетімді бола түседі.
Сонымен қатар, AirPods құрылғыларына да жаңа, ерекше функция енгізілмек. Тікелей аударма арқылы пайдаланушылар шетелдік азаматтармен шынайы өмірде еркін сөйлесе алады. Яғни, тіл білмейтін адам да енді шектеуді сезінбейді – бәрін AirPods аударады.