Интернетсіз отырған ауылдарға интернет қашан беріледі? Мусин жауап берді

20 Маусым 2023, 16:18
669
Бөлісу:
Интернетсіз отырған ауылдарға интернет қашан беріледі? Мусин жауап берді
Фото: BAQ.KZ Архив

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сенат депутат Бекбол Орынбасаров Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен ауылдарға интернет қашан берілетінін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, олар сайлаушылармен кездескенде ауылдардың интернетке қол жеткізе алмай отырғанына көз жеткізген. Қазір 2023 жылдың ортасы болды. Алайда елдегі ауылдардың шамамен 23%-ы әлі де мобильді интернетпен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар Қазақстан интернет жылдамдығымен сымсыз кеңжолақты интернеті бойынша аутсайдер елдердің қатарында екені белгілі.

Қалған 23% елді мекен биыл интернетпен қамтамасыз етіле ме? 2023-2027 жылдарға арналған қолжетімді интернет жаңа ұлттық жобасы аясында қандай іс-шараларды жоспарлап отырмыздар? – деп сұрақ қойды Орынбасаров.

Министр Мусин депутаттың сұрағына жауап беріп, қазіргі уақытта 1 432 ауыл интернетке қосылмағанын айтты.

Біз салықтық жеңілдіктердің арқасында 2021-2022 жылдардың аралығында 629 ауылды интернетке қостық. Сондай-ақ 1 300-ден астам ауылда жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, жаңа құрылғылар орнаттық. 1 432 ауыл шағын болса да, оларды да интернетке қосуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Сөзінше, тұжырымдаманың аясында 928 ауылды интернетке қосылады. Қалған 504 ауылға спутник арқылы интернет жеткізу жоспарда бар. Бұл ауылдардың 170-і биыл спутникпен қамтамасыз етіледі. Қалғаны келесі жылы қосылады.

Ұлттық жобаның аясында 3 мың ауылға жекеменшік серіктестік арқылы оптика кабельдерін тартамыз және сол ауылдардың ішінде оптикалық инфрақұрылымдарды дамыту үшін субсидиялауды кіші операторлармен бірігіп, ұйымдастырамыз. Автожолдарды интернетке қосу үшін 500-ге жуық антенналық тіректерді орнатамыз, - деп жауап берді Мусин депутаттың сұрағына.

Өзгелердің жаңалығы