Интернет алаяқтықтан қалай сақтанамыз – маман кеңесі

29 Қараша 2022, 15:46
1430
Бөлісу:
Интернет алаяқтықтан қалай сақтанамыз – маман кеңесі

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай алаяқтықтан сақтану жолдарымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде алаяқтықтардың құрбаны болған адамдар көп. Олардың басты себебі, азаматтардың циярлық сауаттылығының өте төмен болуында. Негізінен, алаяқтардың құрбаны - үлкен жастағы қариялар мен сауаты төмен адамдар.

Ал, осындай интернет алаяқтықтардан қалай сақтанамыз? 

Бұл туралы маман төмендегідей кеңестерді ұсынады.

Алдымен ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару немесе несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулықтарына құлақ түрмеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейтінін есте сақтаңыздар!

  • өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластикалық карталардың деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен құпия сөздерді хабарламаңыз;
  • белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа желі көздері арқылы жеке деректерді бермеңіз. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін ғана төлем туралы келісуге тырысыңыз;
  • күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз, айқын табыс көзінсіз қаржы схемаларынан сақ болуға тиіссіз;
  • қосымшаларды орнату үшін тек ресми Aп стор (App store), Плэй маркет (Play market) көздерін пайдаланыңыз;
  • Белгісіз адамдардан келіп түскен сілтеме бойынша өтпеуге тиіс. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік болып табылатын сілтеме бойынша өтуді ұсынады;
  • банкинг қызметіне қол жеткізу құпия сөздерін жиі өзгертіп отырыңыз, 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз;
  • өз шоттарыңыздағы ақша қозғалысын жиі тексеріп тұру қажет,-дейді ол.

Сондай-ақ, осындай алаяқтар хабарласқан жағдайда ресми өкілдіктерден сұрау жүргізіп, хабарласқан нөмірдің қызметкерлер базасында тіркелгені туралы ақпарат алуға болады. 

Интернет алаяқтықпен айналысқан адам Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес 4 жылға дейін, ал қылмыстық топ құрамы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

Орталық басшысының сөзінше киберқылмыстың бір түрі саналатын бұл қылмыспен көбінесе шетелдік азаматтар айналысады. Сол себепті, ондай қылмыстарды ашу үшін ұзақ уақыт керек.

Өзгелердің жаңалығы