Инстаграм арқылы алаяқтықпен айналысқан азаматша ұсталды

5 Наурыз 2020, 20:50
1489
Бөлісу:
Инстаграм арқылы алаяқтықпен айналысқан азаматша ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қалалық Полиция басқармасына тараздық 29 жастағы тұрғын хабарласып, Instagram арқылы алтын бұйымдарға тапсырыс беріп, ақша жібергенін, бірақ тапсырысын алмағаны, алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағымданды.

Аталған дерек бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунттар арқылы алаяқтық жасаған 25 жастағы азаматты анықтап, ұстады. 

Зергерлік бұйымдарды сату сылтауымен ол тұтынушылардан ақша қаражатын банк карточкасына аударуды сұраған. Әлеуметтік желілер арқылы сату бүгінгі күні сауда қатынастарының кең тараған түрі болғандықтан, тұрғындар еш күдіктенбестен ақша жіберген, бірақ тауарларын алмаған. Тергеу жұмыстары барысында және күдіктіні жеке тінту кезінде басқа әйелге тиесілі банк карточкасы, көп санды коды мен бірнеше абоненттік нөмірі бар ұялы телефон тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Аккаунт арқылы алтын бұйымдарына тапсырыс берушілер шамамен 30-ға жуық адам болған, бірақ полицияға тек бір әйел ғана шағымданған, - делінген хабарламада.

Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы  бойынша (ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасағанда аса сақ болуға және онлайн тапсырыс жасау кездерінде күмән тудыратын кез-келген әрекетті байқаған жағдайда дереу полиция қызметіне хабарласу керектігін ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы