Ингер Андерсен: Орталық Азия экологиялық мәселелерді бірге шешуі керек

UNEP басшысы метан шығарындыларын азайту мен өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге шақырды.

Бүгiн 2026, 15:35
АВТОР
 cgtn.com Бүгiн 2026, 15:35
Бүгiн 2026, 15:35
123
Фото: cgtn.com

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы атқарушы директоры Ингер Андерсен RES 2026 саммитінде Орталық Азия елдерін экологиялық қауіптерге қарсы бірлесіп әрекет етуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ингер Андерсеннің айтуынша, өңірдегі экологиялық мәселелер трансшекаралық сипатқа ие және оларды жеке-жеке шешу мүмкін емес.

Біз ортақ өзендерді, ортақ тау жүйелерін және бір ауа кеңістігін бөлісеміз. Сондықтан су мен экология мәселелері тек бірлескен іс-қимыл арқылы шешілуі тиіс, - деді Ингер Андерсен.

Оның сөзінше, өңірде су тапшылығы, ауа ластануы және климаттың өзгеруі негізгі сын-қатерлер қатарында қалып отыр.

UNEP басшысы айналмалы экономика бағытына ерекше тоқталды.

Айналмалы экономика - Орталық Азия үшін үлкен мүмкіндік. Бұл бағытта өңірлік серіктестікті күшейту қажет, - деді ол.

Сонымен қатар ауа сапасы мәселесіне де назар аударылды.

Ауа ластануы шекара танымайды. Бір елдегі шығарындылар көрші мемлекеттердің тұрғындарына әсер етеді, - деді Андерсен.

Ол метан шығарындыларын қысқартудың маңызын ерекше атап өтті.

Метанды азайту - жаһандық жылынуды тежеудің ең тиімді әрі жылдам тәсілдерінің бірі, - деді UNEP басшысы.

Андерсеннің айтуынша, мұнай-газ секторындағы метан шығындарын азайту климатпен қатар энергетикалық қауіпсіздікке де оң әсер етеді.

Сонымен қатар ол табиғи экожүйелердің рөлін атап өтті.

Батпақты алқаптар, ормандар мен жайылымдар - табиғи қорғаныс жүйесі. Олар су тасқынын азайтып, құрғақшылыққа төзімділікті арттырады, - деді ол.

UNEP өкілі Орталық Азия елдерін табиғатқа негізделген шешімдер аясында жаңа жобалар ұсынуға шақырды.

Сөз соңында ол саммиттің маңызын атап өтті.

Бұл саммит әлемге маңызды сигнал беріп отыр: бірлік пен ынтымақтастық - тұрақты дамуға апаратын жалғыз жол, - деді Ингер Андерсен.

Еске салсақ, Армения президенті Ваагн Хачатурян Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте Қазақстанның су ресурстарын басқару жөніндегі бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді.

Наверх