Қазақстан Ұлттық банкі 2025-2027 жылдарға арналған жаңартылған инфляциялық болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, инфляция биыл – 10,5-12,5%, ал 2026 жылы – 9,5-11,5% аралығында болуы мүмкін.
Бұған азық-түлік бағасының өсуі және ішкі сұраныстың жоғары болуы себеп болып отыр. Инфляцияның бұрынғыдан жоғарырақ болжануы – экономикалық қысым мен тұтынушылық белсенділіктің өскенін көрсетеді.
2027 жылға қарай инфляцияның біртіндеп 5,5–7,5% деңгейіне дейін баяулауы күтіледі. Бұл – қазіргі жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты мен Үкіметтің бюджеттік тәртіпті қатаңдатуға бағытталған қадамдарының нәтижесі болмақ. Дезинфляциялық әсер алдағы жылдары күшейе түседі. Бұл инфляцияны орта мерзімді мақсатты деңгейге – 5 пайызға жақындатады, – деді Сүлейменов.
Бұдан бөлек, Ұлттық банк инфляцияның тұрақты компонентіне де жеке тоқталды. Яғни, реттелетін бағаларды, жанар-жағармай құнын және сыртқы өзгермелі факторларды алып тастағанда қалыптасатын көрсеткіш 2027 жылы 5% деңгейінде тұрақталады деп болжанып отыр.
Алайда болжамдарға қатысты бірқатар тәуекел бар. Оның ішінде:
- Ішкі сұраныстың үдей түсуі,
- Ресейдегі инфляция қарқынының артуы,
- Реттелетін бағалардың өсуі,
- Бұл факторлардың инфляциялық күтулер мен орнықты бөлікке жанама әсері.