Кір қолмен көзімізді ұстасақ инфекция жұғуы мүмкін – министр

30 Қаңтар 2020, 18:04
1071
Бөлісу:
Кір қолмен көзімізді ұстасақ инфекция жұғуы мүмкін – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның бас дәрігері, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытайдан тараған коронавирусқа байланысты тұрғындарға толық гигиеналық нормаларды басшылыққа ала отырып, қолды жуып жүруге кеңес берді. 

"Осы коронавирус көз арқылы жұғып, тарала ма?" деген сауал біздің call-орталыққа келіп түсті. Жалпы, санитарлық нормаларды сақтау қажет екенін баршамыз білеміз. Кір қолмен көзімізді ұстасақ, инфекция жұғуы мүмкін. Сондықтан толық гигиеналық нормаларды басшылыққа алып, қолдарыңызды жуып жүруге кеңес береміз, - деді министр. 

Бұдан басқа, Елжан Біртанов бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз брифингінде 10 мыңнан аса инфекциялық ауруларға арналған орын дайындалғанын хабарлады. Бүгінгі ахуалға байланысты оның санын 2 есеге көбейтіп отыр. 

Баршаңызға мәлім, елімізде қажетті инфекциялық стационарлар дайындалды. Қосымшы резервтік орын әзірледік. Оның санын екі есеге көбейтіп, 10 мыңнан аса инфекциялық ауруларға арналған орын дайындап отырмыз. Ауруханалардың бәрінде қажетті дәрі-дәрмек және диагностикалық басқа да азаматтар мен дәрігерлерді қорғау жабдықтар сатылып алынып жатыр, - деп атап өтті Денсаулық министрі.

Біртанов қазіргі күні тапшылық жоқ екенін баса айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайдан келген қазақстандық азаматтардың ешқайсысынан вирус табылмағанын хабарлаған болатынбыз. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасынан 6 қаңтардан бастап келе бастаған 54 қазақстандық жоғары қызумен ауруханаға түсіп, оның ішінде 16 науқас емделіп шыққан. Сондай-ақ, бүгінде Қазақстанда 5 млн маскаға арнайы резерв құрылған.

Өзгелердің жаңалығы