SpaceX компаниясының рекордтық IPO-сынан кейін америкалық кәсіпкер Илон Масктың байлығы бір триллион доллар межесінен асты. Осылайша ол әлем тарихындағы мұндай көрсеткішке жеткен алғашқы адам болды.
Reuters таратқан мәліметке сәйкес, компания акцияларын алғашқы жария орналастыру барысында бір бағалы қағаздың құнын 135 доллар деңгейінде белгілеп, жалпы көлемі 75 миллиард доллар инвестиция тартқан. Бұл АҚШ қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO ретінде тіркелді. Нәтижесінде SpaceX-тің нарықтық бағасы 1,77 триллион долларға жетіп, әлемдегі ең қымбат компаниялардың қатарына қосылды.
Forbes пен Reuters деректеріне сәйкес, акциялар нарыққа шығарылғанға дейін Илон Масктың байлығы шамамен 780 миллиард долларды құраған. IPO аяқталған соң оның SpaceX-тегі үлесінің құны 866 миллиард долларға жуықтады. Ал Tesla мен өзге де компаниялардағы активтерін есептегенде, кәсіпкердің жалпы капиталы 1,1 триллион доллардан асып түсті.
Осы көрсеткіш арқылы Маск әлемдегі ең бай адамдар арасындағы айырмашылықты бұрынғыдан да ұлғайтты. Қазіргі таңда оған ең жақын тұрған миллиардерлердің дәулеті шамамен 300-400 миллиард доллар көлемінде бағаланып отыр.
Илон Маск әлемге ең алдымен Tesla және SpaceX компаниялары арқылы танылды. Кейіннен ол X әлеуметтік желісін сатып алып, бизнес ауқымын кеңейтті. Сонымен бірге АҚШ-тағы қоғамдық және саяси процестерге де белсенді араласып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, Маскқа тиесілі компаниялардың жоғары бағалануы тек қаржылық нәтижелермен түсіндірілмейді. Инвесторлар оның жеке тұлғасына және ғарыш, жасанды интеллект пен жоғары технологиялар бағытындағы ұзақ мерзімді жобаларына да үлкен сенім артады.
SpaceX акцияларының рекордтық орналастырылуынан кейін сарапшылар қайтадан «Илон Маск сыйақысы» деп аталатын ұғымды талқылай бастады. Бұл – инвесторлардың Масктың атымен байланысты компанияларға қосымша нарықтық құн беруге дайын екенін білдіретін құбылыс.