ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады

21 Қазан 2023, 12:37
745
Бөлісу:
ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады
Фото: Нұркен Алишев

Қазан айынан бастап еліміздің кейбір аймақтарында ауа райы күрт өзгереді. ІІМ осыған байланысты жүргізушілерге үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қыс мезгілінің басталуымен жолдағы көлік жүрісі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жылдамдықты асырмаңыз! Қауіпсіз қашықтықты сақтаңыз! Егер қысқы жүргізу элементтері туралы толығырақ айтатын болсақ, онда жылдамдықты шамамен сағатына 10-15 шақырымға азайту керек, ал көлік арасындағы қашықтық 3-4 автокөлік болуға тиіс. Міне, осындай ұсақ-түйектердің өзі жол жағдайы күрт өзгерген кезде жүргізушіге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі, - деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Ақтоты Боранованың айтуынша, қиылыстарда бағдаршамның жасыл түсіне жылдам қозғалу – қысқы уақытта жүргізушілердің негізгі қателіктерінің бірі.

Ол көлік жүргізушілеріне мынадай кеңестерді берді:

  • Жолға назар аударыңыз, көлік жүргізу кезінде телефонға телмірмеңіз және көлік басқарумен байланысы жоқ нәрселерге алаңдамаңыз. Есіңізде болсын, көлікті кенеттен тежеу басқару мүмкіндігін жоғалтуға әкеп соғады;
  • Жол жүрісі қағидаларын, жылдамдық режимін және қашықтықты сақтаңыз, кенеттен маневр жасау мен басып озудан аулақ болыңыз, жол бойындағы жаяу жүргіншілерге өте мұқият болыңыз, айналаңыздағы жол жағдайын үнемі бақылауда ұстаңыз;
  • Заңнамаға сәйкес қыс мезгілінде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатынын еске саламыз. Қысқы шиналар көлік құралының барлық дөңгелектеріне орнатылуы қажет;
  • Автокөлік иелері ауа райының өзгеруін мұқият қадағалап отыруы керек, егер ауа райы нашарласа, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеген дұрыс;
  • Жаяу жүргіншілер қыста көлік тез тоқтай алмайтынын есте ұстағандары абзал, сондықтан көшені кесіп өткенде сізге жол бергеніне көз жеткізіп, содан кейін ғана жүрісті жалғастырыңыз;
  • Сақ болыңыз, телефонмен сөйлесуге және басқа хабарламаларды көруге алаңдамаңыз.

Өз кезегінде полицияның жеке құрамына қызмет атқару барысында қиын жағдайға тап болған жандардың барлығына көмек көрсету тапсырылды. Жолдарыңыз қауіпсіз болсын!, - деді Ақтоты Боранова.

Өзгелердің жаңалығы