ІІМ мен ҰҚК ірі онлайн-казино желісінің жолын кесті

15 Қаңтар 2024, 09:24
503
Бөлісу:
ІІМ мен ҰҚК ірі онлайн-казино желісінің жолын кесті
VIDEO
Фото: Polisia.kz

Жалпы ел бойынша 326 лото клуб қызметіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ  Polisia.kz сілтеме жасап.

Соңғы жылдары елімізде лудомания белең алуда. Бұл – құмар ойындарға патологиялық тәуелділік. Азартқа берілудің соңы әлеуметтік-материалдық құндылықтардың төмендеуіне, тіпті кейде қылмыс жасауға түрткі болуы мүмкін.

Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда шамамен құмар ойындарына салынған 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен 10 млн теңгені құрайды.

13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойды. Ең ауқымды бірлескен арнайы операцияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды.

Жедел әзірлеме орбитасында криминалитет өкілдері де болды. Олар ойын мекемелеріне қылмыстық ықпал және қамқорлық еткен, сондай-ақ лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыстар жасаған. Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интимдік қызметтерді ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған сегіз адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары да болған, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізілді. 23 бірлік атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Нәтижесінде елде барлығы 326 лото клуб қызметінің жолы кесілді. Шетелден онлайн-казино тарататын серверлер анықталып, бұғатталды. Әкімшілердің ойын барысына ықпал етіп, реттеп отырғаны белгілі болды. Бұрын жүргізілген сараптамалар ұсталған адамдардың заңсыз әрекеттерін растады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңгені құрайтыны анықталды, сәйкесінше еліміздің барлық өңірлерінен шамамен 6 млрд теңгені құраған. Бұл ретте ақша қаражатының шамамен 70% шетелге шығарылған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп отырған. Тергеуді ІІМ тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша жүргізуде. Күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу айыбы тағылуда. Басқа мәліметтер жариялауға жатпайды, – деді Қуандық Алпыс.

Өзгелердің жаңалығы