ІІМ діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың жолын кесті

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл топтар діни ұрандарды өздерінің қылмыстық әрекеттерін ақтау үшін пайдаланған. Олар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі өткізумен айналысқан. Кейбірінің қылмыс жасау үшін атыс қаруын заңсыз сақтағаны анықталды.

 Polisia.kz 15 Қыркүйек 2026, 21:40
15 Қыркүйек 2026, 21:40
84
Фото: Polisia.kz
Қазақстанда жыл басынан бері діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Олардың құрамында болған 64 адам ұсталды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл топтар діни ұрандарды өздерінің қылмыстық әрекеттерін ақтау үшін пайдаланған. Олар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі өткізумен айналысқан. Кейбірінің қылмыс жасау үшін атыс қаруын заңсыз сақтағаны анықталды.

Мұндай топтар Алматы қаласында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен.

Мысалы, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңге ұрлаған. Сот оларды 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйелдің алаяқтыққа қатысты төрт қылмыс жасағаны анықталды. Келтірілген шығын 2 млн теңгеден асқан. Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Павлодарда жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодына қатысы бар деп танылды. Жалпы шығын 8 млн теңгеден асып, сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Жалпы, полиция діни экстремизм идеологиясын ұстанушылар жасаған 155 пайдакүнемдік және зорлық сипатындағы қылмысты ашқан.

Сонымен қатар заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді.

Полиция интернеттегі радикалды идеологияның таралуына да қарсы күрес жүргізіп жатыр. Ақтөбеде әлеуметтік желі арқылы өзге дін өкілдеріне қатысты діни араздық қоздырған тұрғын 3 жыл 6 айға сотталды.

Тағы бір жағдайда Ақтөбеде зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталып, терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Түркістан облысында халықаралық террористік ұйымның идеологиясын интернетте таратқан азамат ұсталып, 7 жылға сотталды.

ІІМ діни сенімдерді қылмысқа, зорлық-зомбылыққа немесе діни араздықты қоздыруға ақтау ретінде пайдалануға болмайтынын атап өтті. Полиция экстремизм мен терроризмнің таралуына жол бермеу және қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Наверх