ІІМ азаматтарды қабылдауды тоқтатты

18 Наурыз 2020, 20:45
1728
Бөлісу:
ІІМ азаматтарды қабылдауды тоқтатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ішкі істер министрлігі орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты азаматтарды қабылдауды тоқтатты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында басқа шаралармен қатар эпидемиологиялық қолайсыз кезеңде министрліктің жауапты қызметкерлерінің азаматтарды қабылдауы тоқтатылды - делінген хабарламада.

Ал бүгін баспасөз мәслихатын өткізген министрлік басшысы бүгін түнгі сағат 00:00-де екі қаланың карантинге жабылатынын жеткізді.

Мемлекеттік комиссияның тапсырмасын орындау үшін бүгін түнде 19-шы наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына карантин енгізіледі. Осыған орай, вирус тарамау үшін жергілікті әкімшіліктер жабылатын орындарды белгілеп, қалаға кіріп-шығу мәселесін пысықтап жатыр. Ол туралы қосымша хабарланады - деді министр брифинг барысында.

Оның сөзіне қарағанда қазіргі кезде полиция қызметкерлері қалаға кіретін барлық жолдарды бақылауға алды.

Алматы бойынша 27 блок-пост қойылады. 900-ден астам полиция және әскери қызметшілер шығады. Нұр-Сұлтан бойынша 7 блок-пост қойылып, 500-ден аса қызметкер жұмысқа кіріседі. Сонымен бірге бекеттерде санитарлық дәрігерлер, жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қызмет атқарады - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы