ІІМ Алматы академиясының бастығы қызметінен босатылды

23 Желтоқсан 2020, 13:21
3529
Бөлісу:
ІІМ Алматы академиясының бастығы қызметінен босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қаза табуына байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу барысында қаза тапқан адамның туыстары баяндаған барлық дәлелдер тексерілетін болады.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқу орнына Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты және Өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен арнайы топ жіберілді.

Тексеру қорытындысы бойынша ІІМ-де тәртіптік комиссия өтті. Өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылау жүргізбегендіктен Ішкі істер министрінің бұйрығымен Академия бастығы О. Х. Смайылов атқарып отырған лауазымынан босатылды. Сондай-ақ, оның идеологиялық тәрбие және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасарын да қызметінен босату ұсынылды, - делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, Академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 5-еуі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.

Академияның оқу процесіне, тұрмыстық жағдайларына, моральдық-психологиялық ахуалына, қаржы-шаруашылық қызметіне кешенді тексеру тағайындалды. Оқу орнына министрліктің Ішкі аудит, Кадр саясаты және Өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері жіберілді.

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша осындай тексерулер 2021 жылдың 1 тоқсанында ІІМ-нің барлық оқу орнында жүргізіледі.


Өзгелердің жаңалығы