Ұшақ апаты. ИИДМ тергеу аяқталғаннан кейін ресми түсініктеме беретіндерін айтты

6 Қаңтар 2020, 18:21
8889
Бөлісу:
Ұшақ апаты. ИИДМ тергеу аяқталғаннан кейін ресми түсініктеме беретіндерін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті 27 желтоқсанда болған "Бек Эйр" ұшағының апатына байланысты мәлімдеме жасады.

2019 жылғы 27 желтоқсанда "Бек Эйр" әуе компаниясының Fokker-100 әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаға байланысты ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне БАҚ өкілдерінен түсініктеме беру туралы көптеген сұрақтар келіп түсуде. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде белсенді талқылаулар жүріп, түрлі нұсқалар, себептер ұсынылуда, кінәлі тұлғалар ізделуде, пікірді авиациялық сарапшылар ғана емес, блогерлер, әлеуметтік желілерді белсенді қолданушылар да білдіруде. 

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген Азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексерудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес тексеру барысы туралы ақпарат тексеру аяқталғанға дейін бөгде тұлғаларға жария етілмейді. Жоғарыда баяндалғанға байланысты тексеру жөніндегі ресми комиссияның ғана авиациялық оқиғаны тексеру оқиғалары мен барысына түсініктеме беруге құқығы бар екенін хабарлаймыз, - делінген ведомство хабарламасында.

Комитет өкілдері тексерудің толықтай аяқталуын және ресми түсініктемені күтуді сұрайды.

Айта кетейік, 27 желтоқсанда Алматыдан шыққан Bek Air жолаушылар ұшағы құлаған еді. Ұшақ Қызыл ту ауылында апатқа ұшыраған. 

Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

Сондай-ақ, ұшақ апатынан зардап шеккендер мен бортта болған жолаушылар тізімі жарияланды. 

Ауруханада тағы бір адам көз жұмып, қаза тапқандардың саны 12 адамға жетті. 

Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды. 

Мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды. 

Бұдан бөлек, ұшақ бортындағы экипаждардың есімдері белгілі болды. Бүгін Fokker компаниясы Bek Air ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында Алматыға мамандарды жіберетіні айтылды

ҚР ІІМ арнайы тексеру жүргізіп жатқандығын хабарлады. Үкімет басшысы Асқар Мамин де ұшақ апатының себебін 10 қаңтарды жариялауды тапсырған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы