ІІ Түркі Универсиадасы мәресіне жетті

10 Қараша 2023, 10:36
535
Бөлісу:
ІІ Түркі Универсиадасы мәресіне жетті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бүгін Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде II Түркі Универсиадасының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Универсиада қатысушылары, университет студенттері мен оқытушы-профессорлары қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша волейболдан ерлер мен әйелдер арасында қазақстандық студенттер үздік атанды. Футзалдан Қырғызстаннан келген команда чемпион атанды. Өзбекстан шахматтан біріншілікті өзіне бекітті. Егер еркін күрестен Қазақстан алға шықса, дзюдода өзбек және әзербайжан студенттері көш бастады. Ал грек-рим күресінде Түркия елінің балуандары басқа құрама спортшыларына есе бермеді. Мажарстан құрамасы үстел теннисінен үздік нәтиже көрсетті.

ІІ Түркі Универсиадасы мәресіне жетті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі өз сөзінде ІІ Түркі Универсиадасының барлық қатысушыларын ойындардың аяқталуымен құттықтап, іс-шараның түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін маңыздылығын атап өтті.

Дәл осы универсиада бауырлас елдердің ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен достығын тағы да паш етті. Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жарқын үлгісін көрсетті. Түбі бір Түркі халқының тарихы мен дәстүрі, діңгегі мен қуаты баршамызға ортақ мызғымайтын құндылық екені сөзсіз. Бұл сайыста Түркі жұртының достығы мен шынайы бауырмалдығы жеңіске жетті деп есептеймін. Барлық қатысушыға алғыс айтамын. ІІ Түркі Универсиадасының сәтті аяқталуы құтты болсын, - деді министр.

ІІ Түркі Универсиадасы мәресіне жетті

Жабылу салтанатында Қырғызстан еліне Түркі Универсиадасының ту тапсыру рәсімі өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстанда түркі Универсиадасын өткізу туралы мәлімдеді.

ІІ Түркі Универсиадасы мәресіне жетті

Айта кетейік, Универсиадаға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Мажарстаннан барлығы 450-ге жуық спортшы қатысты. Спортшылар спорттың 7 түрінен бақ сынасты: үстел теннисі, шахмат, волейбол, футзал, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі. Спорттық ойындар «Olympic Сenter» спорт кешені мен Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткізілді.

Өзгелердің жаңалығы