ХҚКО мүгедектердің құжаттары үшін заңсыз мемлекеттік баж салығын алып отырған

16 Тамыз 2022, 10:14
966
Бөлісу:
ХҚКО мүгедектердің құжаттары үшін заңсыз мемлекеттік баж салығын алып отырған
Фото: Zakon.kz

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мүмкіндігі шектеулі адамдардан паспорттар мен жеке куәліктер бергені үшін мемлекеттік баждарды негізсіз алу фактілерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Талдау барысында 500-ден астам мүгедек азаматтардың құқықтарының бұзылғаны анықталды. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес аталған тұлғалар құжаттандыру қызметтері үшін мемлекеттік баж төлеуден босатылған, - делінген хабарламада.

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесі көтерілді.

Қазіргі уақытта полиция органдары бірлесіп төленген мемлекеттік баждарды қайтару бойынша жұмыстарды істеп жатыр.

Талап етілген баждың жалпы сомасы 1 345 000 теңге.

Бұдан әрі осындай негізсіз мемлекеттік баж алуды болдырмау үшін департамент ақпараттық жүйелерді сапалы интеграциялауды жүргізу, сондай-ақ, белгілі бір санаттағы тұлғаларға және басқа да салаларда жеңілдіктер беруге қатысты қолданыстағы заңнаманы зерделеу қажеттігін атап өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен бақылаушы органдарды заң талаптарына мұқият қарауға және азаматтардың құқықтарын бұзуға жол бермеуге шақырады, - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан хабарламада.

Өңірдің әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы