Соңғы жылдары Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінетін азаматтар саны 30 пайызға азайған. Бұған бірқатар мемлекеттік қызметтің онлайн форматқа көшуі себеп болып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу, көлікті алғаш рет тіркеу, жер учаскелеріне акт беру және жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт алу сияқты қызметтер алғаш рет онлайн форматта қолжетімді болды.
Осыған байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс форматы да өзгеріп жатыр.
Енді олар кезексіз, ашық әрі жайлы кеңістікке трансформацияланып жатыр, – деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, жаңа форматтағы цифрлық офистерде азаматтарға қызмет көрсету процесі барынша жеңілдетіледі.
Жалпы аумақтың 70 пайызын негізгі бөлігі экспресс-аймақ алады. Онда қызметтерді eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы дербес алуға болады, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар цифрлық офистерде консультанттардың көмегі қарастырылған сараптамалық және оқыту аймақтары да болады.
Жаңа форматтағы алғашқы заманауи офис Жезқазған қаласында ашылған.
Кейін цифрлық офистер Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында жұмысын бастады.
Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, бірнеше айдың ішінде жаңа форматтағы цифрлық офистер 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда ЦОН-дарға баратын азаматтар саны 30%-ға азайды. Көлікті тіркеу, жер және жылжымайтын мүлікке қатысты бірқатар қызметтер енді онлайн көрсетіледі.