Қазақстанда ЦОН-дарға баратын азаматтар саны 30%-ға азайды

Көлікті тіркеу, жер және жылжымайтын мүлікке қатысты бірқатар қызметтер енді онлайн көрсетіледі.

11 Тамыз 2026, 10:22
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 11 Тамыз 2026, 10:22
11 Тамыз 2026, 10:22
104
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру халықтың Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ЦОН) бару қажеттілігін азайтып жатыр. Соңғы жылдары ЦОН-дарға жүгінетін азаматтар саны 30 пайызға төмендеген. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, халық арасында ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіріліп жатыр.

Енді бұрын мемлекеттік қызметтердің басты ордасы болған Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тоқталайын. Ең сұранысқа ие қызметтер онлайн форматқа көшіріліп, халықтың ЦОН-дарға баруға деген қажеттілігі азаюда. Соңғы жылдары ЦОН-дарға барған азаматтар саны 30 пайызға кеміді, – деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, көлікті алғаш рет тіркеу, жер учаскелеріне акт беру және жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт беру сияқты қызметтер алғаш рет онлайн форматта қолжетімді болды.

Сонымен қатар электрондық цифрлық қолтаңба беру және тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтері де бүгінде республика бойынша толықтай онлайн көрсетіледі.

Министрдің сөзінше, азамат ЦОН-ға барған жағдайда да оператордың көмегіне жүгіну қажеттілігі азайып келеді. Көпшілік қызметтерді орталықтардағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы өз бетінше алады.

Азамат ЦОН-ға барса да, оператордың көмегіне жүгінуі күннен-күнге азайып барады. Қызметті өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында дербес алуда, – деді министр.

Наверх