ХКК Конгресі: ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшелігі қалпына келтірілді

17 Қараша 2022, 20:15
1272
Бөлісу:
ХКК Конгресі: ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшелігі қалпына келтірілді

Бүгін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Facebook-тегі парақшасында жазды.

Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Австралияның Мельбурн қаласында өтіп жатқан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінің жұмысына қатысып жатыр.

Қазіргі уақытта ХКК Бас кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Жаңа ғана Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігі туралы мәселе қаралып, Кәсіподақтар федерациясының ХКК мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Дегенмен еліміздегі бірлестіктер бостандығын қамтамасыз ететін заңнамалық реформалардың жүзеге асырылуы маңызды, - деді ол.

2022 жылғы 17-22 қараша аралығында 300-ден астам ұлттық кәсіподақ орталықтарының делегаттары алдағы төрт жылға арналған Дүниежүзілік кәсіподақтар қозғалысының күн тәртібін талқылайды.

Конгресс қатысушылары мүше-елдердегі тұрақтылықты сақтау бойынша ұсыныстар көрсетілетін «Жаңа әлеуметтік келісімшарт» мәлімдемесін қабылдауға ниетті. Мәлімдеме жобасына сәйкес, талқылау жаңа әлеуметтік келісімшарт тақырыбына: жасыл жұмыс орындары, жұмыскерлердің құқықтары, әділетті жалақы, әлеуметтік қорғау, теңдік және инклюзивтілікке арналады.

COVID-19 пандемиясының салдары бүкіл әлем бойынша 250 млн-нан астам жұмыс орнын жойып жіберді және көптеген елде толық емес жұмыспен қамту ауқымы белең алып жатыр. Пандемияға дейін де үкіметтер саясаттың орталық мақсаты ретінде толық жұмыспен қамтуға аз ғана ниет танытқан. Толық жұмыспен қамтуға қол жеткізу үшін 575 млн жаңа жұмыс орнын ашу қажет, - делінген мәлімдемеде.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы - 161 елден 176 млн адам кіретін әлемдегі ең ірі кәсіподақ бірлестігі. 2018 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясының ХКК мүшелігі тоқтатылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы