Хиджабты талап етіп жүрген кімдер?

27 Қыркүйек 2023, 18:31
22815
Бөлісу:
Хиджабты талап етіп жүрген кімдер?
Фото: © Pixabay.com

Хиджаб туралы дауды одан әрі көтеріп отырғандар радикалды деңгейі жоғары діни бағыттар. Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов елімізде орамал тағуды талап етіп отырған 4 жамағат барын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 - Биыл хиджаб мәселесі ерекше талқыланып жатыр. Жалпы, даудың басы неден басталды?

Хиджабтың дауы - теріс ағымдағылардың тарапынан туындады. Қазіргі жағдайдың өзін алып қарайтын болсақ, орамалға сұраныс тудырып отырған топтарды 4-ке бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, олар теріс ағымдағылар, орамалды 2003 жылдан бастап белсенді түрде талап етіп келе жатыр. Бүгінгі таңда теріс ағымдағылар жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырады.

Солардың қатарындағы салафиттер орамал мен намазхана ашуды талап етуде 3 бағытта әрекет етіп жатыр: билікке қысым жасау, талап ету; өз сенушілеріне құқықтық әдістемелік көмек көрсету; өкілдікті билікке ұмтылып, сол арқылы билік тетіктерін қолдарына алу негізінде жағдай жасау.

 - Егер теріс ағымдар сайлауға түссе, нені ұсынады?

Біз соңғы сайлаудағы мажоритарлық жүйенің зайырлық тұрғыдағы механизмдерін жетілдіріп алуымыз керек. Өйткені бұл ағымдар келесі сайлауға дайындалып жатыр. Олар әлді әрі қаражаттары да баршылық. Жат ағымдағылар сайлауалды бағдарламасына «орамал тағуды» енгізеді, өйткені бүкіл мұсылман қауымының атынан ұсыныс жасағысы келіп отыр.

 - Қай жаққа барарын білмей жүрген, фанатизмге берілген адамдар қатары көп...

Екінші категория – микс-жамағат. Олар дәстүрлі мұсылмандар мен салафиттер екеуінің аралығындағы араласқан топ. Микс-жамағат бізде әртүрлі әлеуметтік жобалардың аясында қалыптасып жатыр. Мәселен, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда, көпбалалы отбасыларға баспана салып беруде, мешіттер салуда көпшіліктің көзіне түсіп жатады. Осы екі жақтың араласуынан құндылықтар бұзылып жатыр. Күндердің күні қайсысы дәстүрлі дін, қайсысы жат ағым екенін шатастыруымыз мүмкін. Яғни, дәстүрлі дін қай жерден басталып, қай жерден аяқталады деген сұраққа жауап бере алмай қалуымыз бек мүмкін. Бұл - өте қауіпті тенденция.

Радикалды ханафизм дамып келе жатыр. Біз ханафизмді дәстүрлі әрі байыпты, әлеуметік институттарды құрметтейтін тұлғалар ретінде қарастырамыз. Алайда, соңғы уақытта салафизммен мүдделері ұштасатын жамағаттар қалыптасқан. Үшінші - дәстүлі имамдарымыз, дін мамандары, жалпы мешіттің жамағаттары. Олар заңды құрметтейді, біздің құндылықтарымызды мойындайды. Олардың радикалды өкілдерден айырмашылығы қазақылық пен дәстүрімізді ұстанады. Дегенмен, дәстүрлі мұсылмандар да байыпты түрде орамалға тағуға өтініш білдіреді.

Міне, жат ағымдағылар бұл төрт жамағаттың бағытын үлкен күш ретінде пайдаланғысы келеді. 

Тағы бір топ – этникалық. Ұлттық киімдерінде діни элементтері тәжік, шешен, ингуш секілді этностар. Бұл қауымның киімінде де орамалдың атрибуты бар екенін ескеруіміз керек.

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы