ХЕҰ Қазақстанға халықаралық конвенцияларды ратификациялауда техникалық қолдау көрсетеді

4 Мамыр 2022, 19:26
2374
Бөлісу:
ХЕҰ Қазақстанға халықаралық конвенцияларды ратификациялауда  техникалық қолдау көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық еңбек ұйымы  Қазақстанға еңбек саласындағы халықаралық конвенцияларды ратификациялауға байланысты мәселелерді пысықтау бойынша техникалық қолдау көрсетуге дайын. 

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Қазақстанның ұлттық заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру мәселелерін талқылау үшін Нұр-Сұлтанға келген ХЕҰ миссиясының өкілдерімен кездесуі барысында тиісті уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Келіссөздердің басында Еңбекминінің басшысы ХЕҰ өкілдеріне әлеуметтік-еңбек саласындағы жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтты.

Қазақстан 1993 жылдан бастап ХЕҰ мүшесі болып табылады. 2019 жылы біз ХЕҰ-ның 100 жылдығын атап өттік. Біз толық, нәтижелі және еркін таңдап алынған жұмыспен қамтуды және барлығына лайықты еңбекті қамтамасыз ету негізінде еңбек саласындағы іс-қимылдың стратегиялық жоспарын көздейтін еңбек саласының болашағы туралы ХЕҰ-ның 100 жылдығы декларациясына бейіл екенімізді растаймыз. Бірлескен жұмыс жылдарында Қазақстан ХЕҰ-ның 25-конвенциясын ратификациялады, олар бойынша міндеттемелер ел заңнамасына имплементацияланған, – деді Тамара Дүйсенова.

Министр ХЕҰ өкілдерін 2018 жылы ХЕҰ ұсынымдары бойынша дайындалған «Қауымдастықтар бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау туралы» №87 конвенцияны қолдану жөніндегі Жол картасын іске асыру туралы хабардар етті. 2020 жылғы мамырда Еңбек және Қылмыстық кодекстерге, «Кәсіптік одақтар туралы» және «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңдарға тиісті түзетулер қабылданды.

Негізгі өзгерістер кәсіподақтардың бірлесу бостандығына құқығын кеңейтуге, сондай-ақ оларды тіркеу рәсімін оңайлатуға қатысты болды. Осылайша, «Кәсіптік одақтар туралы» заңға жоғары тұрған кәсіподақ бірлестіктеріне кәсіподақтардың міндетті мүшелігін болдырмайтын түзетулер енгізілді, оларды тіркеу кезінде кәсіподақтардың мәртебесін растау шарттары оңайлатылды. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңнан «Атамекен» ҰКП-ның әлеуметтік серіктестік жүйесіндегі жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша өкілеттіктері алынып тасталды, ал Еңбек кодексінде жұмыс берушілердің өкілдері мен олардың өкілеттіктері жеке баппен анықталды, – деді Тамара Дүйсенова.

Еңбекминінің басшысы ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру бойынша атқарылған жұмыстардың арқасында бүгінгі таңда Қазақстанда үш республикалық кәсіподақтар бірлестігі, 56 салалық, 35 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және 370 жергілікті кәсіподақтар өз қызметін жүзеге асырады, олар елдің барлық жалдамалы қызметкерлерінің жартысына жуығын – шамамен 3 млн адамды біріктіреді.

Бұдан басқа бір жыл бұрын Қазақстан Үкіметі кәсіподақтардың республикалық бірлестіктерімен және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен бірлесіп, қызметкерлер үшін лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған 2021-2023 жылдарға арналған бас келісімге қол қойды. Оны іске асыру шеңберінде тараптар ХЕҰ-ның бірқатар конвенцияларын ратификациялау бойынша консультациялар өткізуге уағдаласты.

Мәселен, 2022 жылғы 20 сәуірде Қазақстан ХЕҰ-ның «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы» №175 конвенциясын ратификациялады.

Қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестермен бірлесіп «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» ХЕҰ №131 және «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықты жою туралы» №190 конвенцияларын ратификациялау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бұрын, №190 конвенцияны ратификациялауға дайындық жөніндегі рәсім шеңберінде біздің министрлік Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған ХЕҰ бюросына еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қол сұғушылыққа қатысты зерттеулер жүргізу бойынша техникалық қолдау көрсету туралы сұрау салу жіберді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізден ұлттық заңнаманың ХЕҰ-ның №131 конвенциясының ережелеріне сәйкестігіне талдау жүргізу бойынша ұқсас техникалық кеңес беруді сұраймыз.Біз сондай-ақ «Лайықты еңбек» бағдарламасы бойынша толыққанды өзара іс-қимыл жасауға дайынбыз. Бұл ынтымақтастық әлеуетін арттыруға және еліміздің жұмыспен қамту және халықты лайықты еңбекпен қамтамасыз ету саласында алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етер еді, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Өз кезегінде ХЕҰ миссиясының өкілдері Қазақстанның ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру бойынша жүргізіп жатқан жұмысының маңыздылығын атап өтіп, одан әрі бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдірді.

Қазақстанның еңбек саласындағы оң үрдістерді атап өткім келеді, олар сіздің министрлік және жалпы ел Үкіметі жүргізіп жатқан жұмыстардың арқасында болып жатыр. Біз бұл прогресті жоғары бағалаймыз және тікелей байланыс миссиясының барысында барлық өзгерістерді мұқият зерттеуді жоспарлап отырмыз.Біз ХЕҰ конвенцияларын ратификациялауға дайындық бойынша жұмыста Қазақстанға техникалық қолдау көрсету ұсыныстарымен тиісті есепті дайындаймыз.Халықаралық еңбек ұйымының атынан бұдан әрі жемісті ынтымақтастыққа дайын екендігімді білдіргім келеді, – деді ХЕҰ миссиясының басшысы Никлас Брун.

  
Өзгелердің жаңалығы