Хаттама Моңғолиядағы қазақтардың мүддесін құқықтық қорғауға бағытталған – сенатор

25 Ақпан 2021, 11:20
3076
Бөлісу:
Хаттама Моңғолиядағы қазақтардың мүддесін құқықтық қорғауға бағытталған – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы сенатор Рысқали Әбдікеров Парламент Сенатының жалпы отырысында «1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы ҚР заңының жобасы бойынша баяндамасы барысында айтты.

Бұған дейін ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев хаттаманың Қазақстанның Моңғолиямен құқықтық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталғанын мәлімдеген болатын.

Бүгінгі қаралып отырған хаттаманың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 4-бабына өзгерістер енгізіп, екі елдің құзыретті органдарының нақты функцияларын белгілеу. Сондай-ақ, хаттамада Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциясының қабылдануына байланысты Ішкі істер министрлігінің құзыретін көздейтін шарттың 27-бабын алып тастау ұсынылып отыр, - деді Әбдікеров.

Ол хаттама ратификацияланғаннан кейін қолданыстағы шарт шеңберіндегі азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі барлық мәселелер Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Бас прокуратурасы және Әділет министрлігі арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.

Жалпы, хаттама екі елдің арасындағы құқықтық мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, осы салада екіжақты әріптестікке жаңа серпін беруге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар хаттама бірінші кезекте Моңғолия аумағындағы Қазақстан азаматтарының мүддесін толыққанды құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған деп санаймын, - деді сенатор.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Моңғолияда Қазақстанның 129 азаматы, 39 кәсіпкері мен 6 инвесторы бар. Сонымен қатар осы елде 127 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады.

Өзгелердің жаңалығы