Хаменованың ісі: Ертең атышулы іске нүкте қойылады

14 Қараша 2022, 19:05
1369
Бөлісу:
Хаменованың ісі: Ертең атышулы іске нүкте қойылады
Фото: автордан

Бүгін 4,5 млн теңге пара алды деп айыпталған Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменова мен өзге күдіктілерге соңғы сөз берілді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.


Айыпталушылардың ең алғашқысы болып «Балқыту» ЖШС басшысы Ө.Адамов сөйледі. Ол бұған дейінгі сот процесстерінде айтқан сөзінен таймайтынын тағы бір мәрте қайталады. Кейін, мүмкіндігі шектеулі екі баласы бар екенін ескеріп, оны кінәлі деп таныған күннің өзінде де, жазаны жеңілдетуді өтінді. 

Мен зейнет жасындамын. Мүмкіндігі шектеулі балаларым бар. Немерелерім бар. Мені ұстаған алғашқы күннен бастап бар шындығымды айттым. Мені ақтауды сұраймын. Қарамағымдағы қызметкерлердің де жалақыларын беруім керек. Міндеттерімді толық орындаған жоқпын. Жаза берген күннің өзінде, жағдайымды ескеріп, оны жеңілдетуді өтінемін,-дейді Ө.Адамов.

Кезекті жалғастырған күдіктілердің бірі Ақылбек Рысқалиев. Ол 9 ай бойы Хаменоваға қарсы куәлік етсе де, кейін өзін бұл іске «Антикор» өкілдері мәжбүрлегенін айтып, сөзін толық өзгерткен болатын. Енді судьядан өзін ақтауды сұрап отыр. 

Менің қорғаушымның, яғни Н.Жолболовтың сотта келтірген дәлелдемелері жоққа шығарылмай, мемлекеттік айыптаушымен қабылданды. Құрметті сот, менің кәмелетке толмаған 4 балам бар. Бұрын соңғы істі болмағанмын. Осының бәрін және денсаулығыма байланысты ұсынған медициналық құжаттарды ескере отырып, мені толықтай ақтауыңызды сұраймын,-деді А.Рысқалиев. 

Соңғы болып сөз алған Бақытгүл Хаменованың өзі де қылмысқа еш қатысы жоқ екенін қайталады. 

Ақылбек Рысқалиев те, Өміртай Адамов та жасаған әрекеттерін ашық, бүкпесіз айтып берді. Мен де ешнәрсе жасырмаймын. Сот әділ шешім шығарып, осы қылмысты нақты ұйымдастырған азаматтарға қатысты іс қозғайды деген үміттемін. Себебі олар қоғамға үлкен қауіп тудырады. Құрметті сот, қалың ел қазақтың алдында бір ауыз сөз айтайын. Менің бұл істе еш кінәм жоқ. Мені ақтауларыңызды сұраймын. Өзімнің ақтығымды, кінәсіздігімді дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін, -деді Б.Хаменова. 

Күдіктілердің соңғы сөздерін тыңдағаннан кейін, сот отырысы аяқталды. Ертең осы атышулы іске нүкте қойылып, айыпталушыларға үкім оқылады. 

Айта кетейік, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова өткен жылдың аяғында ұсталған еді. Оған Абай ескерткішін жасау және орнату кезінде 4,5 млн теңгені қалтасына басты деген айып тағылып отыр.

 

Өзгелердің жаңалығы